Биыл Қызылорда облысында үш ауысымды мектептер жойылады

Биыл Қызылорда облысында үш ауысымды білім беретін мектептер жойылады, деп хабарлайды 24kz.

Бүгінге дейін Жаңарық ауылында 500 бала ескі әрі тар ғимаратта білім алып келді.

Енді оқушылар келе жатқан оқу жылын жаңа мектепте қарсы алады. Білім ұясында құрылыс барысы қалай жүріп жатыр?

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Жаңарық ауылының тұрғындары жаңа мектептің құрылысын ұзақ күткен. Себебі ескі білім ошағы 190 орынға шақталған. Ал оқушылар саны 500-ден асып кеткен. «Қабырғасы қаусаған ғимаратқа жыл сайын жөндеу жүргізілгенімен, кем-кетігін түгендеу мүмкін болмады», - дейді тұрғындар.

Болатбек Сейітбеков, Жаңарық ауылының тұрғыны:

- Ремонтпен тұрған мектеп қой енді. Оның үстіне бала саны жоғары. Үш ауысыммен оқып жатыр балалар. Сосын барып сұраныспен осы мектеп айтылды. Бірақ бұны неше жылдан бері сұрап жүргенбіз. Он шақты жылдан бері.

Былтыр Жаңарықта 300 орындық жаңа мектептің іргетасы қаланды. Қазір құрылыс жұмыстарының 80%-і тындырылды. Жайлы мектеп білім күні ашылады деп жоспарланған.

Алмабек Төребаев, құрылыс учаскесінің бастығы:

- Енді қазір ішкі жұмыстар кабинеттерге бөлу жұмыстары, әрлеу жұмыстары, сантехникалық жұмыстар, электр жұмыстары жүріп жатыр. 110 адам жұмысшы бар. Осы ауылдан отыз адам жұмыс істейді.

Жаңарық ауылынан бөлек, аудан орталығы Жаңақорғанда да 600 орындық мектеп салынып жатыр. 2025 жылға дейін өңірде 12 мыңнан асатын орынға шақталған 21 білім ұясы бой көтереді.

Асқарбек Есжанов, білім басқармасының басшысы:

- 2023 жылы 10 жайлы мектептің құрылысы басталды. Биыл 2024 жылы 11 жайлы мектептің құрылысы басталады. Біз осы арқылы апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептің мәселелерін толық шешетін боламыз.

Былтыр Қызылорда облысында үш ауысымда білім беру мәселесін шешу үшін 600 орындық мектеп пен 1850 орынға арналған төрт қосымша ғимарат салынды.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев