Спорттық бағдарламалаудан ел біріншілігі өтіп жатыр
Елордада спорттық бағдарламалау бойынша Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр.
Astana IT университеті қабырғасында екінші мәрте ұйымдастырылған ел біріншілігінің ақтық кезеңіне барлық өңірден 40 бағдарламашы іріктелді. Финалға жолдама алған үздіктер осыған дейін онлайн форматта өткен 4 кезең арқылы анықталды. Жүлде қоры 3 млн тг.
Компьютер тілін жетік меңгерген жастар күрделі алгоритмдік тапсырмаларды 4 сағаттың ішінде орындауы керек. Жылдамдығымен, сауаттылығымен әрі логикалық ойлау қабілетімен ерекшеленгендер жеңімпаз атанып, биыл қыркүйек айында өтетін әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігін алады.
Алдағы чемпионаттарға кез келген жас қатыса алады. Ол үшін www cpfed.kz сайтына кіріп, өтінім қалдыру керек екенін айта кеткен орынды.
Данабек Қалиаждаров, Спорттық бағдарламалау федерациясы президиумының мүшесі:
- Қазір Google, Facebook сияқты үлкен-үлкен корпорацияларда жұмыс істеп жатқан, жетістігі жоғары азаматтар сол спорттық бағдарламалаудан шыққан екен. Біз бүкіл әлемдік деңгейде қарасақ, спорттық бағдарламалаумен айналысқан адамдардың 99 пайызы жоғарғы деңгейде адами капитал болып, үлкен жетістіктерге жететін азаматтар. Сол себепті біз бұл қозғалысымызды бастадық. Ауылда немесе қалада жүрген кез келген жас азаматтарымызға айтарымыз, қатысыңыздар. Болашақтарыңыз жарқын болады.