Шымкентте 12 «жайлы мектеп» пайдалануға беріледі

Биыл Шымкентте 12 «жайлы мектеп» пайдалануға беріледі. 17 мың оқушы жаңа мектепке барады, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір құрылыс аяталуға жақын. Ғимараттардың іші-сыртын әрлеу жұмыстары қалды. Тапсырыс берушінің талабы бойынша білім беру нысандарын салуға отандық тауар өндірушілердің құрылыс материалы қолданылды. Білім басқармасының мәліметінше, 2025 жылға қарай 28 мың орындық 18 мектептің құрылысы аяқталуы тиіс. Қазір ұстаздардың біліктілігін арттыру, қосымша үйірмелерге тәрбиешілерді ірікету жүріп жатыр. Аймаққа жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков құрылысты көріп, ұлттық жобаның іске асу барысын бақылап қайтты.

Данабек Исабеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Балалардың қауіпсіздігі де кіреді. Бейнебақылау камералары орналастырылатын болады. Күзет жағынан да әртүрлі жағдайларға байланысты бұғаттау есіктері қойылатын болады. Осындай нысандарды қараймыз, бақылаймыз, сапасын тексереміз. Соныдықтан да бүгін «Жайлы мектеп» бағдарламасына келіп отырмыз.

Нұргүл Шәмшиева, қалалық білім басқармасының басшысы:

- Қазіргі уақытта ҚР Оқу-ағарту министрлігінің кадрлық резервінен мектеп директорын тағайындадық. Ол кісі арнайы 1 жылдық оқудан өткен. Енді алдағы уақытта мектептің педагогтер құрамын қалыптастыру жұмыстары жүргізілетін болады.