Аутизмі бар балалар мамандық игере алады
Аутизм де мамандық игеруге кедергі емес. Астанада «Ерекше білім беру қажеттілігі бар жасөспірімдерге арналған оқу-өндірістік комбинаттар» пилоттық жобасы аяқталды, деп хабарлайды 24KZ.
30-дан аса оқушы «Аспаз», «Кондитер», «Тігін ісі», «Сәндік-қолданбалы өнер» мамандығы бойынша сабақ алды. Сынақтан өткендер колледжге түсті.
Жансая балалық шағын елордадағы арнайы мектепте өткізді. Енді жасөспірім кезеңін кәдімгі колледжде жалғастырмақ. Арманы – тігінші мамандығын игеріп, қоғамдағы орнын айқындау. Жансая үшін бұл – аса маңызды қадам. Ал алғашқы дағдыларды игеруіне «Болашақ» қоры бастамашы болған пилоттық жоба көмектесті.
Жансая Халықова, оқушы:
- Апайлар бізге пішуді үйретті. Инемен тіккенді, машинамен тіккенді үйретті. Ең басында біз машинаға тігуді қорықтық. Қолыма ине кіргізіп аламыз ба деп. Қисық тігіп қоямыз ба деп. Апай қасымызда отырып, бізге түзу тігіс үйретті.
Елде, әсіресе елордада инклюзияны дамытуға көңіл бөлініп жатыр. «Болашақ» қоры да шет қалмады. Мұндағы мамандар ерекше білімді қажет ететін балғындар үшін балабақша, мектеп, колледж арасында көпір орнатуға бейіл.
Самал Төлегенқызы, «Болашақ» КҚ үйлестірушісі:
- Көптеген ерекше білімді қажет ететін бала, оның ішінде аутизм және басқа да менталды бұзушылығы бар балаларымыз 9-сыныпты бітіргеннен кейін қоғамнан қалыс қалып жатады. Олардың әрқайсысында колледжге түсу-түспеу мүмкіндігі өте аз болатын. Сол мәселені ескере отырып, біздер мектеп кезінде 7-сыныптан бастап кәсіби бағдар беруге бағытталған жобаны ойлап таптық.
Пилоттық жобаның жүзеге асқанына 5 ай болды. Міне, аспаз, кондитер, тігінші, суретші мамандықтарының алғашқы дағдысын игерген 35 оқушы куәлігін алды. Оның 8-і жаңа оқу жылында колледжге түседі. Әсіресе аутизмі бар балалар үшін бұл бастаманың маңызы зор. Кейін оларға өндіріс орындарында ақылы тағылымдамдан өтуге, тіпті тұрақты жұмысқа орналасуға жол ашылады. «Болашақ» қоры мен кәсіпкерлер арасында жасалған меморандум осы мүмкіндікті еселей түспек.
Мәулен Ахметов, кәсіпкер:
- 7 жыл өтті. Енді қорлар, оңалту орталықтары балаларға көмектескен. Олар бізге келіп айтып жатыр: «Біздің балаларымыз өсіп жатыр. Енді біз олардың не істейтінін білмейміз». Ал біз осы жобамен әрдайым айналысып жүрміз. Инклюзивті жұмыс орнын құру – біздің мақсатымыз.
Қазір Мәуленмен бірге 22 мүмкіндігі шектеулі жан еңбек етіп жатыр. Әрқайсысына жеке бағдарлама ұсынылған. Өкінішке қарай, әлі де инклюзивті орта құрудан тартынатын кәсіпкерлер бар.
Зәуре Қылышбаева, қалалық Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің директоры:
- Бірінші кезде кәсіпорындарда да қорқақтық болды. Олар балаларды іс-тәжірибеге алғысы келмеді. Кейіннен ол балалар барып, ол жерден іс-тәжірибеден өткен кезде оларда қарсылық болған жоқ. Өздері өткен кәсіпорындарда жұмысқа тұрып кеткендері де бар.
Сәтті жоба енді еліміздің барлық өңірінде жалғасады. Оған аутизм, Даун және Аперт синдромы, эпилепсия, ақыл-ой дамуы жеңіл тежелген, Туретт синдромы, психикалық дамудың кешігуі және психикалық-сөйлеу дамуының кешігуі бар 13 пен 18 жас аралығындағы өрендер қатысады. Арнайы мамандар дайын. Бастысы, әлеуметтік жобаны қолдаушылар көп.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Арман Ақшаебаев.