Қызылордада жасанды интеллект институты ашылды
Қызылордада ел аумағындағы алғашқы жасанды интеллект институты ашылды, деп хабарлайды 24KZ.
Қорқыт ата атындағы жергілікті университеттің оқытушы құрамы оңтүстіккореялық әріптестерімен бірге озық ойлы бағдарламашыларды даярлауға кіріседі. Қос тарап жаңа оқу жылына киберқауіпсіздік және ақпараттық жүйе мамандығы бойынша 100 грант бөліп отыр.
Әлемдік экономикада жасанды интеллект саласына бейімделген мамандарға сұраныс артып келеді. Осы ретте сырбойылық жастар ғылыми прогресс пен технологияның қайнар бұлағынан білім нәрімен сусындауға мүмкіндік алып отыр. Институттың әдістемелік және техникалық жабдықталуын Корей мемлекеті өз мойнына алып отыр. Ал оқу үдерісін ұйымдастыру шығынын Қазақстан өтейді.
Нұрлан Құлмырзаев, жасанды интеллект институтының директоры:
- Корей мемлекетінің атынан қазіргі таңда біздің университетке 190 компьютер, 8 сервер, 5 зертхана келе жатыр. Бұлар: дрондар зертханасы, робототехника зертханасы, виртуалды және толықтырылған шындық зертханасы. Бұл жерде білім бағдарламасы Корея білім бағдарламасымен сәйкес қана емес. Технологияның өзі Корея құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етіледі.
Студенттер жоғары технологияны меңгерумен қатар ағылшын және корей тілдерін үйренеді. Қазіргі таңда «Информатика», «Ақпараттық жүйе», «Киберқауіпсіздік» және «Компьютерлік бағдарлау мен бағдарламалық қамту» мамандықтарына құжат қабылданып жатыр.
Жандос Оразмаханов, білім бағдарламаларының үйлестірушісі:
- 75 грант техникалық квота ретінде институтқа түсемін деуші талапкерлерге арналып отыр және де 25 грант педагогикалық квота негізінде арналып отыр. 1 курста Кореядан келген білікті мамандардан жасанды интеллект саласында білім алуға және 2 курстан бастап Сеулге барып, академиялық ұтқырлық негізде оқуға үлкен мүмкіндік береді. Студенттердің 2 жылы Қызылордада және 2 жыл Кореяда білім алып, 4 жыл ішінде қос диплом алып, әлемдік деңгейдегі мықты мамандар шығатынына сенімдіміз.
IT-технология саласындағы біріккен жоба көптеген қазақстандық өрендерді қызықтырып отыр. Институттың құжат қабылдау комиссиясына өзге өңірлерден 300-дей талапкер құжат тапсырған.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Бәйділдаев.