Астана медицина университетінің студенттері диплом алды

Елордадағы Астана медицина университеті тағы бір жаңа толқынды түлетті, деп хабарлайды 24kz.

Бүгін «Астана опера» мемлекеттік балет және опера театрында 1200-ден аса түлек диплом алды. Салтанатты шарада Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова сөз сөйлеп, еңселі орданы бітіруші жастарға жылы лебізін білдірді. Құрылғанына 60 жыл толған оқу ордасы осы уақытқа дейін 30 мыңнан аса білікті маманды дайындады. Олардың арасында Үндістан, Пәкістан, Моңғолия, Өзбекстан мен Иорданиядан келген жастар да бар. Сондай-ақ шара барысында елдің басқа да медицина университеттерінің үздік 17 түлегі диплом алды. Енді олар ел игілігіне қызмет етуге ниетті.

Ақнұр Дүкенбаева, Астана медицина университетінің түлегі:

- 7 жыл осы Астана медицинасын бітіріп, 5 жыл бакалавриат бітіріп, диплом алдық осыдан екі жыл бұрын. Ары қарай 2 жыл оқуымды жалғастырып, Қазақстанға өз үлесімді қосқым келеді.

Айнұр Сариева, медицина факультетінің деканы:

- Түлектер интернатура мен бакалавриат деңгейінде 7 бағыт бойынша білім алды: «Жалпы медицина», «Стоматология», «Фармация», «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Мейірбике ісі», «Кинезиотерапия» және «Эрготерапия». Жыл сайын біздің университет қабырғасынан 1000-нан астам жас түлектер шығып медициналық мекемелерге жұмысқа орналасады.