Жасанды интеллект көп энергияны қажет етеді – ғалымдар
Жасанды интеллект жылдам дамыған сайын үлкен деректерді сақтап, өңдейтін орталықтарға сұраныс артып жатыр деп хабарлайды 24kz.
Бірақ келешекте электр энергиясы тапшылығынан бұл нысандар дұрыс істемей қалуы мүмкін деген қауіп бар. Сондықтан мұндай орталықтарды ғарышқа орналастыру ұсынылып жатыр.
Бүгінде әлемде 7 мыңдай деректерді өңдеу орталығы бар. Олардың жұмыс істеуі үшін көп электр энергиясы қажет. Көрсеткіш жылына бір мың терраватт-сағатқа дейін жетуі мүмкін. Бұл 2026 жылға жасалынып отырған болжам. Бірақ қазірдің өзінде Еуропаның кейбір елдерінде деректерді өңдеу орталықтары үшін қажетті электр энергиясының тапшылығы сезілуде. Сондықтан оларды ғарышқа жіберу идеясы қызу талқыланып жатыр. Мамандар «орталықтарды 2036 жылға таман 1400 шақырым биіктікке, демек, Жер серіктерінен де жоғары орналастыру керек», дейді. Ол жерде нысандар Күн энергиясынан жұмыс істейтінін айтады.
Цитата: Дамьен Дюместер, Деректерді өңдеу орталығын ғарышқа орналастыру жобасының жетекшісі:
- Бұл шешім барлық жағынан тиімді. Техникалық тұрғыда іске асыруға болады. Сонда деректерді өңдеу орталықтарын ғарышқа орналастыру арқылы ақша үнемдейміз. Электр энергиясының тапшылығы болмайды. Оның үстіне қоршаған ортаға зияны да аз болады. Қазір тиісті мәселе бойынша француз компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз.
Алайда сарапшылар бұл бастамаға күмәнмен қарайды. Өйткені ірі жабдықтың зымыранға қалай орналастырылатынын әлі түсініксіз. «Бұдан бөлек, орбитадағы орталықтарды жөндеп, оларға қызмет көрсету де оңай шаруа емес», - дейді сарапшылар.
Цитата: Кевин Рестиво, Еуропаның деректерді өңдеу орталығы зерттеулер бөлімінің жетекшісі:
- Деректерді өңдеу орталықтарын Ғарышқа не су астына орналастыру мүмкін емес деуге болмайды. Бірақ бұл идея көп зерттеуді қажет етеді. Нысандардың энергетикалық жағынан тиімді жұмыс істеуі үшін зымыран тасығыштың жаңа түрі керек. Ол ауаға зиянды заттарды 10 есе аз бөлуі тиіс.
Иә, технологияның дамуымен қатар экология жайлы да ұмытуға болмайды. Кейінгі 4 жылда алпауыттардың бірі – Майкрософт компаниясының қызметінен бөлінген көмірқышқыл газы үштен бірге артқан. кКорпорация өкілдері бұған нейрожүйелер үшін қажетті деректерді өңдеу орталықтарын кеңейту әсер еткенін айтады.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Сандугаш Байгуаныш