Қазақ-ағылшын ғалымдары тәжірибе алмасты

Қазақстан және Ұлыбритания ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру, сондай-ақ инновацияларды ынталандыру бағытында ынтымақтастық құрмақ.

Лондонда қос елдің ғылым қорының өкілдері кездесіп, әріптестік құру мүмкіндіктерін қарастырды.

Корольдік инженерлік академиясы жанындағы Enterprise Hub кәсіпкерлік орталығы бизнес жасап, табыс тапқысы келетін инженерлерді қолдаумен айналысады. Он жылдан астам уақыттан бері ол стартап идеяларды пайда болу кезеңінен бастап, нарыққа шығу сәтіне дейін сүйемелдеп келеді. Сонымен қатар бизнестің Ұлыбританияда ғана емес сыртқы нарықтарға да шығуына көмектеседі.

Ана Авалиани, Корольдік инженерлік академиясы кәсіпкерлік орталығының директоры:

- Бүгін біз ғылымды коммерцияландыру, білім беру, кәсіпкерлік және инновациялық экожүйені кеңейту бойынша өз тәжірибемізбен бөлісіп жатырмыз. Қазақстандағы экожүйе туралы да білгіміз келеді.

Нил Маршалл, Changeschool даму бойынша директоры

- Бұл әлеуеті зор әріптестік болғалы тұр. Басқа елдердегі үздік тәжірибелерді зерттеп, серіктестік құруға құлықтымыз. Болашақта әлемді өзгертетін технологияларды енгізіп, оларды жетілдіру бағытында бірігіп жұмыс істейміз деген үміттеміз.

Қазақстандық Ғылым қорының “Ғылым және технологиялық саясат” туралы заң аясында жаңа функционалға ие болғаны белгілі. Оның ішіне венчурлық қаржыландыру, акселерация, бизнес-инкубация кіреді. Осы және басқа да құралдардың технологияларды коммерцияландыру деңгейін арттыруға көп көмегі тимек. Ғылымды елдің индустриялық қажеттілігіне бағыттау үшін халықаралық тәжірибеге сүйену өте маңызды, дейді Ғылым қорындағылар.

Камиль Ақатов, “Ғылым қоры” АҚ Басқарма төрағасы:

- Ұлыбритания ғылымды коммерцияландыру бойынша озық елдердің бірі. Оның тәжірибесін Қазақстанда енгізу жоспарымызда бар. Жоғарғы оқу орындарының тәжірибесі де қызықты. Өйткені университеттерінде акселерациялық бағдарламалар мен бизнес-инкубаторлар дамыған. Венчурлық капиталмен де тікелей жұмыс істейді.

Ғылым қорының қызметкерлері сондай-ақ салаға тікелей және жанама қатысы бар бірқатар жергілікті министрліктердің өкілдерімен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады. Ұлыбритания университеттері қауымдастығымен басқосу барысында екі елдің ғылыми ұйымдары арасындағы әріптестікті дамыту мәселелері сөз болды.

Ғалымжан Қараманұлы