Қазақстанда пилотсыз авиация мамандары оқытылады

Елімізде пилотсыз ұшатын аппараттарды басқаратын мамандар оқытылады, деп хабарлайды 24KZ.

Қазіргі таңда бұл құрылғылардың көмегімен кішігірім түсірілімдерден бастап үлкен құтқару-іздестіру жұмыстарына дейін жүзеге асып жатыр. Ал оларды басқаратын адамдар кәсіби деңгейі қандай?

Қазақстанда пилотсыз ұшу аппараттарының қолданылу аясы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Бұл құрылғыны өзіне серік еткендердің де қатары көбейді. Ең қарапайымдары – жеке мақсатта пайдаланушылар. Олар ұшу массасы 25 келіге дейінгі техниканы басқарумен шектеледі. Олар – көбінесе саяхатшы немесе блогерлер.

Әділет Рахметолла, саяхатшы, блогер:

- Қазақстанның, басқа да әлемнің жақсы-жақсы жерлерін аралап, видеоға түсіремін. Көбінде мен 80-90% дронмен видео түсіремін. Осы дронмен видео түсіргеніме 2015 бастап 9 жылдай болып қалды.

Иә, ұшқышсыз басқарылатын аппарат дегенде көз алдымызға және ойымызға бірден дрон техникасы келетіні жасырын емес. «Алайда пилотсыз басқарылатын құрылғының бәрін дрон деу қате», – дейді авиация мамандары. Себебі бұл құрылғының неғұрлым күрделі әрі қолданылу аясы кең түрлері де бар. «Ал оны басқаратын адамдар кәдімгі авиациялық оқу орталықтарында дайындалуы керек», – дейді.

Бахтияр Кучкаров, Азаматтық авиация академиясы жобалық кеңсесінің бас менеджері:

- Мысалы, ұшқыштар күрделі іріктеуден өтіп, жоғары білім алады. Сонымен қатар олардың қатарында дельтаплан, әуе шарын басқаратындар мен парашютист секілді талап онша көп қойылмайтын мамандар бар. Бірақ олар сонда да авиация жүйесінің бір бөлігі болып саналады. Олардың барлығы өз қызметі үшін арнайы рұқсат алған. Пилотсыз авиация да дәл солай.

«Пилотсыз авиация түрлерін жеке мақсатта пайдаланатын жандар бұл құрылғыны игеру үшін 1-2 апталық курспен шектелсе, одан күрделірек шара барысында жұмыс істейтін операторлар енді кәсіби тұрғыда дайындалғаны дұрыс», – дейді авиация академиясының өкілдері. Сондықтан биылғы күзден бастап осы салада жұмыс істейтін жаңа мамандарды оқытпақ.

Маргарита Никитина, Азаматтық авиация академиясы жобалық кеңсесінің бас менеджері:

- Пилотсыз техниканы басқаратын адамдар, әрине, қазір өте көп және бұл қызмет түрі ешқандай жаңалық емес. Бұл жерде мән беретін басты нәрсе – пилотсыз авиация жүйесінің өзі салаға қатысты мамандық түрлерін енді ғана ажыратып жатқаны. Яғни, біз осы пилотсыз авиация құрылғыларын басқаратын және оларды жасауға мамандандыратын жаңа саланы ашу туралы шешім қабылдадық.

«Пилотсыз авиация мамандарының кәдімгі ұшқыштардан еш айырмасы болмайды», – дейді академия өкілдері. Сондықтан олар ақылы негізде немесе мемлекеттік грант бойынша бакалавр деңгейінде жоғары білім алады. Ал мамандыққа тапсыру үшін физика және математика пәндерін таңдау керек.

Авторлары: Мөлдір Молдағали, Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев.