Колледждерге 145 мың білім гранты бөлінді

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары жаңа оқу жылында 145 мың талапкерді тегін қабылдайды деп хабарлайды 24kz.

Оқу гранттары, осылайша, ұлғайтылып отыр. Былтыр оның саны 85 мың болған. Колледждерге құжат қабылдау басталғалы білім алу үшін қанша оқушы өтінім беріп үлгерді?

Альмира Оразбай, тілші:

- Астанадағы Кәсіптік-техникалық колледжінде осыдан тура бір ай бұрын құжат қабылдау басталды. Комиссия талапкерлерден 200-ден астам өтінішті қабылдап үлгерді. Биыл мұнда аспаздарға емес, техниктерге, яғни, электрик, құрылысшы, дәнекерлерлеуші және машинист мамандықтарына ден қойылып отыр.

Омарбек Тілеубаев, колледж директорының оқу өндірісі жөніндегі орынбасары:

- Автокөліктерге қызмет көрсету, соның ішінде автомобильдердегі электромобиль жабдықтарын жөндеу слесарі біліктілігі бойынша 57 талапкер құжат тапсырып отыр. Біздің сұранысымыз 25 студент болатын, бірақ биыл 2 есе, яғни, бір орынға 2 студенттен келіп отыр деген сөз. IT саласына, бағдарламамен қамтамасыз ету мамандығына, веб-дизайнер біліктігіне де сұраныс көп, биыл оған да 30-дың үстінде талапкер құжат тапсырып үлгерді.

Қазір колледжерде сапалы білім алып шығу үшін жағдай жасалған. Осы техникалық кәсіптік білім беру ұйымы студенттерге тек теориялық емес, тәжірибелік оқуды қамтамасыз ету үшін тіпті автокөлік сатып алған.

Омарбек Тілеубаев, колледж директорының оқу өндірісі жөніндегі орынбасары:

- Электромобильдер бізде көптеп шығарылуда, пайдаланылып жатыр. Сондықтан осы мамандықты әрі қарай жылжытып, кеңінен оқытуды жоспарлап отырмыз. Жаңа мамандыққа жаңаша көзқарас керек. Себебі ертең елімізде, жалпы әлемде электромобиль көбейген күнде оларға сұраныс артады, оларға көрсетілетін қызмет түрі де артады. Сол кезде қажетті мамандық керек болады.

Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы 60 мың орынға көбейді. Осылайша, колледждер 145 мың талапкерді грантқа қабылдайды. Оқуды сәтті аяқтаған соң жұмысқа орналасу мәселесі тағы бар. Бұл тұста арнайы жоба іске асып келеді. Қазір колледждер жұмыс берушілердің тапсырысымен маман дайындайды. Осыны ескере келе, нарықта сұранысқа ие мамандықтарға 10 мың студент оқытылып отырады. Бұдан бөлек, квотаның тізімі де кеңейді. Мүгедектігі бар және әскери борышын өтеп келген азаматтарға жеңілдіктер қарастырылған.

Әсет Мұханбетов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры:

- Үш жыл қатарынан жұмыс берушілер тарапының өтініштерімен қабылдау жүргізіледі колледжерге. Бұл ретте талапкерлер заңды өкілдері ата-аналар жұмыс берушімен келісімшартқа отырып, колледжге өтініштер береді. Қазіргі таңда осы жоба бойынша 20 мың студент оқып жатыр. Биыл жұмыс берушілер тарапынан қабылдау бойынша 10 мың адамды қоса үстінен аламыз деген жоспарларымыз бар. Жобаның ерекшелігі – оқу аяқталғаннан кейін дипломды маман өзінің еңбек өтілін аталған кәсіпорында атқарады деген жоспарымыз бар.

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттерінің стипендиясы  31 мыңнан 43 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Сондай-ақ жауапты ведомство алдағы 3 жылда жатақханадағы орын тапшылығын жоямыз деп отыр.

Авторлары: Альмира Оразбай Өрден Жарқын