Ұлытауда оқу жылына дайындыққа ₸400 млн бөлінді

Ұлытау облысында мектептер мен оның аумағын абаттандыруға 400 млн теңгеден астам қаражат жұмсалады, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір білім ордаларында жаңа оқу жылына дайындық жүргізіліп жатыр. Аймақта 41 мыңнан аса оқушы болса, соның 4 мыңнан астамы биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. 

Ұлытау облысында биыл 2 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Біріншісі Қаражал қаласында болса, екіншісі Жаңарқа ауданының Қызылжар ауылында орналасқан. Ал 20 мектепте ішінара жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Жезқазғандағы 2 білім ошағының спорт алаңы жаңартылады. Қазір №8 оқу орнындағы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. 87 млн теңге бөлінген нысан жаңа оқу жылына қарай пайдалануға беріледі.

Сағила Әбдіхалықова, Жезқазған қалалық №8 гимназиясы директорының міндетін атқарушы:

- Осы уақытқа дейін біздің балаларымыз спортзалда жұмыс жасаған болатын болса, қазіргі таңда өте үлкен мүмкіндік даладағы спорт алаңы болып отыр. Ол жерде жүгіру, теннис, футбол – барлығы қамтылған. Биылғы оқу жылында өзіміздің оқушыларымызға, шәкірттерімізге өте жақсы мүмкіндік деп айта аламын.

«Білімді ұлт», «Сапалы білім» ұлттық жобасы аясында аймақ мектептеріндегі 45 кабинет жаңартылды. Білім беру мекемелерінде интерактивті және робототехника сыныптары, заманауи зертханалар ашылды. Материалдық жағдай біршама жақсарғанымен, мұғалім жетіспеушілігі әлі де өзекті мәселе болып тұр.

Венера Өсерова, Ұлытау облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Қазіргі таңда 200-ден астам педагог мектептерге жетістейді. Бізде жоғары оқу орны біреу болғандықтан, біз басқа өңірлерден тарту арқылы сондай жұмыстарды жүрігізіп жатырмыз.

Сала мамандары: «аймақта оқушылар саны жылдан-жылға артып келеді», – деп отыр. Соған сәйкес бірнеше мектеп салу жоспарланған. Мәселен, Жезқазғанда 300 орындық «Жайлы мектеп» тұрғызылып жатыр. Нысан биыл ел игілігіне берілуі тиіс. Сонымен қатар Сәтбаев, Жаңарқа, Ұлытау, Түгескен ауылдарында да жаңа білім ордасы бой көтереді.  

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Елизавета Шалина, Нурдаулет Аманкешов.