Өскеменде жеке балабақшалар тұралап тұр
Өскеменде 20-дан астам жекеменшік балабақша мемлекет тарапынан берілетін қаражаттан қағылып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
«Кезектің бірыңғай порталы ашылмай тұрғандықтан, балаларды қабылдай алмай жатырмыз», – дейді кәсіпкерлер. Сондықтан қаражат та бөлінбеген. Мектепке дейінгі ұйым өкілдері миллиондаған теңге шығынға батқанын айтып шағымданып жатыр.
Бұл жерде 24 жекеменшік балабақша өкілі отыр. Бәрінің бұйымтайы ортақ, мәселесі біреу. Фарида Орақбаева мектепке дейінгі шағын мекемені басқарады. 2 айдан бері балаларды қабылдай алмай әлек. Өйткені бірыңғай портал жабық. Бұл осы балабақшаға келгісі келгендер жолдама ала алмайды дегенді білдіреді. Айтуынша, былтыр маусым-шілде айында қабылдау қарқынды жүріп, тиісінше мемлекеттік қаржы да кедергісіз бөлінген. «Биыл шаруамыз тұралап қалды», – дейді кәсіпкер.
Фарида Орақбаева, жекеменшік балабақша директоры:
- Нақты порталда қанша бала бар, бізге сонша ақша беріледі, яғни 56 500 теңге мен 40 балаға шығардым. Енді соны Үкімет тарапынан алатын ақшаңа теңесеңіз, кішкентайы 2 миллион 500 мың теңге. Ал үлкен балабақша болса, сіз ондағы балалардың санын көбейтсеңіз, бұл керемет үлкен ақша болады, біз соның арқасында барлық өзіміздің жұмыстарымызды, барлық жөндеу жұмыстары осы ақшаға байланысты, тіпті педагогтердің қаржысы да.
«Балабақша кезегінің жылдам жылжуына жекеменшік ұйымдардың үлесі зор», – дейді жиналғандар. Бюджеттен бөлінетін қаржы ғимаратты жөндеу, тәрбиешілерді демалысқа жіберу, олардың сауықтыру ақысын төлеу сынды шығындарды жауып келген. «Енді порталға телміріп отырғанда жаз да өтті», – деп қынжылады кәсіпкерлер. Оқу-ағарту министрлігі болса: «мәселені жергілікті атқару органдары өздері реттей алады», – деген жауап берді. Ал облыстық білім басқармасының мамандарының сөзінше, портал 5 тамызда бірақ ашылады. «Олардың шағымы орынды, бірақ оны шешуге біздің құзырымыз жетпейді», – деп ақталды.
Әлия Сейітқұмарова, ШҚО білім басқармасының бас маманы:
- Орынды деп санаймыз. Өйткені портал жұмыс істемеген салдарынан оларға қаражат бөлінбеді. Төленбеді. Бірақ сіздердің қолдарыңыздан ештеңе келмеді ме, ол біздің қолымыздан келмейді. Ешқандай шешім келмей тұр.
Бұл жай ата-аналарға да оңай тиген жоқ. Еркебұлан Жұпархан 2 бүлдіршінін үйдің іргесіндегі мекемеге тіркей алмай әуре. Бала күтімімен отырған келіншек жұмысына да шығай алмай жүр.
Еркебұлан Жұпархан, ата-ана:
- Күнде келеміз балабақшаға, күнде «портал жабық», – деп айтады. Жұмысқа баруымыз керек, балаларды балабақшаға беріп, сол үшін бізге қатты қиын болып жатыр. Көп ата-ана бар, күнде келеміз, портал жабық.
Сонымен жекеменшік балабақша басшылары жұмысты қалай жалғастырарын білмей дал. Кәсіпкерлік палатасы болса мәселені бүкіл ел аумағы бойынша зерттеп, республикалық деңгейдегі жиында талқыламақшы.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин.