1 миллион бүлдіршін балабақшаға барады
Жыл басынан бері елдегі балабақшалардағы орын саны 27 мыңға көбейді.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлайды. Осылайша, 2 жастан 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің 91,5%-і мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Жаңа орындар кешенді шаралар нәтижесінде ашылып отыр. Бұл мақсатта мектепке дейінгі ұйымдар ғимаратын жаңадан салу, бұрыннан бар ғимараттарды реконструкциялау, мектептер жанындағы шағын орталықтар желісін кеңейту жұмыстары жүргізілген.
Сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысын жекеменшік балабақшаларға да беру механизмі өз тиімділігін көрсетті. Бүгінде елде 11,5 мың балабақша бар. Бұл мекемелерде 1 миллионнан астам бүлдіршін тәрбие алып жатыр. Министрлік жыл соңына дейін балаларды балабақшамен қамту межесін 92,5%-ке жеткізуді көздеп отыр.