Депутат: Мектептердегі оқу жүктемесі оқушы үшін ауыр

Қазақстан мектептерінде аптасына 67 сағат оқу жүктемесі беріледі, деп хабарлайды 24KZ.

«Бұл оқушы үшін ауыр», – дейді сенатор Алтынбек Нұхұлы. Оның айтуынша, Жапония, Қытай, Кореяға қарағанда біздің елдегі оқу бағдарламасы 2,5 есе көп. «Сонымен қатар мектеп пәндерінің жазылу стилі де күрделі», – дейді сенатор.

Жалпы елдегі білім жүйесі жалпыға міндетті білім беру стандартына сай жасалады. Осы арқылы бүгінде 1-сыныпта 9 пән, 2-4 сыныпта 11-12 пән оқытылады. Осылай әр сынып сайын жаңа пәндер қосылып, 10-11-ші сыныпта 16 пәнге дейін жетеді.

Сейфолла Смайлов, Орта білім мазмұны институтының директоры:

- 2016 жылы отандық білім беру жүйесі жаңартылған мазмұндағы білім бағдарламасына көшті. Соған орай бұрыңғы пәндердің орнына жаңа пәндер алмастырылып, өзгертілді. Мысалы, бұрын оқытылатын «Сызу» деген пән, бұрын оқытылатын «Адам мен қоғам» деген пән болатын. Қазір ол пәндер оқытылмайды, оның орнына басқа пәндер енгізілді.

Яғни, оқушыға аптасына 67 сағат оқу жүктемесі жүктеледі. «Ал бұл оқушы үшін ауыр», – дейді сенатор Алтынбек Нұхұлы. Оның айтуынша, Жапония, Қытай, Корея елдеріне қарағанда бұл 2,5 есеге көп.

Алтынбек Нухұлы, Сенат депутаты:

- Мектептегі пәндер саны салыстырған кезде, мысалы, жаңағы айтып отырған мемлекеттерде көп жағдайда пәндер интеграцияланған. Яғни, қысқартылған сандары, біріктірілген. 4-тен 6 пәнге дейін болса, бізде Қазақстанда тіпті жоғарғы мынау 8-9-шы сыныптарда 15-16 пәнге дейін оқытылады. Яғни, 2,5 есе көп.

Ел мектептерінде химия, биология, география сынды оқу пәндері жеке жүргізіліп, 578 сағатты құраса, Азия елдерінде біріктіріліп, «Ғылым» пәні деп оқытылады. Оны оқыту мерзімі – 324 сағат. Халықаралық PISA зерттеуінің қорытындысы бойынша осы елдердегі оқушылардың жаратылыстану ғылымы бойынша сауаттылығы жоғары.

Сейфолла Смайлов, Орта білім мазмұны институтының директоры:

- Әр елде әртүрлі. Мысалы, Азия елдерін алып қарайтын болсақ, озық елдерінің Жапония, Оңтүстік Корея елдерін алған болған да, ол жерде түске дейін міндетті шектеулі сабақтар өтеді. Ал бірақ ол жерді оны ешкім көрсетіп айтпайды. Бұл білім алушы оқушы ары қарай өз білімін жетілдіремін, оқимын десе, ол қосымша ақылы негізде сабаққа барады. Бірақ ол ешқандай құжатта көрсетілмеген. Егер ол оны өтпесе, ертең ол оқуға түсе алмай қалады.

Сенатор сондай-ақ мектеп пәндерінің жазылу стилі күрделі екенін айтады. Ғылыми тілде жазылған кітапты бала да, ата-анада дұрыс түсінбейді. «Баланы жалықтырып алмас үшін барынша жалпылама, түсінікті тілде қайта шығарсақ», – дейді депутат Алтынбек Нұхұлы

Алтынбек Нухұлы, Сенат депутаты:

- Алдымен пәндерді интеграциялап алсақ, содан кейін барып соған сәйкес жаңа оқулықтар жазылса. Әрине, мұның бәрі бір-ақ күнде болатын дүние емес. Ол үшін алдыменен жаңа жалпыға міндетті білім беру стандарттарын жаңадан жазып шығу керек. Яғни, стандарттарға сәйкес үлгілік оқу бағдарламалары жазылады. Үлгілік оқу бағдарламаларына сәйкес жаңа оқулықтар жазылады.

Қазіргі жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты 2007 жыл Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 5-бабы, 5-1 тармақшасына және 56-бабына сәйкес әзірленген. Орта білім мазмұны институтының мәлімдеуінше, қазір арнайы мекемелер стандарттар мен үлгілік оқу жоспарын жетілдіру бағытын қарастыруға кіріскен.

Авторлары: Зарина Кәп, Абдулхамит Бөлекбаев.