Қазақстандық оқушылар Ұлыбританиядағы олимпиададан жүлделі оралды

Қазақстандық оқушылар Ұлыбританияда өткен 65-Халықаралық математика олимпиадасынан 5 медаль еншіледі, деп хабарлайды 24KZ.

Павлодар қаласының түлегі Владимир Роговский – жүлдегер оқушының бірі. Ол зияткерлік жарысқа екінші жыл қатарынан қатысып, қола медалге ие болды.

Айта кетейік, олимпиада әлемдік топ-7 білім жарысының бірі саналады.

Халықаралық математикалық олимпиададан қола жүлдемен оралған Владимир Роговскийді мектеп-лицейінің ұжымы осылай қарсы алды. Ол екінші жыл қатарынан әлемдегі үздік оқушылардың бірі екінін дәлелдеп отыр. Ұстаздары мектеп мақтанышына айналған ұлды өзгелерге үлгі етеді.

Лилия Стадникова, қалалық дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің мұғалімі:

- Бұл пәндік олимпиада әлемдегі беделді жарыс саналады. Былтыр шәкіртім Жапонияда өткен білім сайысында да жүлдеген болған. Бұдан өзге халықаралық және республикалық түрлі олимпиадаларда алтын, күміс және қол медальдердің иегері атанып жүр.

Владимир Роговский бастауыш сыныптардың өзінде-ақ оқуға деген құштарлығын көрсете алды. Жасөспірімдер арасында өтетін «Бастау» республикалық турнирінің жеңімпазы атанып, Смағұлов олимпиадасының абсолютті көшбасшысына айналды. Кейін білім көкжиегіндегі жетістіктері Жапония мен Ұлыбритания елдерінде жалғасын тапты.

Владимир Роговский, 65-Халықаралық математика олимпиадасының жүлдегері:

- Бұл олимпиадаға жолдама алудың өзі оңай емес. Алдымен Қазақстанның ұлттық кұрамасына ілігу үшін іректеуден өтесің. Яғни, Жәутіков олимпиадасында, Азия-Тынық мұхиты олимпиадасында, халықаралық Жібек жолы олимпиадасында және республикалық білім жарыстарында бақ сынап, өзіңнің білімпаз екеніңді дәлелдеуің керек. Кейін командадағы үздік 20 оқушының ішінен алтауына ғана жолдама бұйырады.

Дарынды бала білім деңейін үнемі жетілдіріп, өзгелердің оқуға деген ынтасын оятуға да септігін тигізіп келеді. Биыл мектеп академиясындағы 8-9-шы сынып оқушыларына дәріс өткізді.

Владимир Роговский, 65-Халықаралық математика олимпиадасының жүлдегері:

- Маған математика пәні ұнайды. Өйткені есеп шығару үшін әртүрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланасың. Көп ізденіп, басқаша ойлай бастайсың. Теорема тұжырымдарына сай келу үшін өзіңді жетілдіріп отыру керек.

Мектеп түлегі Владимир Роговскийдің ендігі жоспары – жақсы жоғары оқу орнын таңдау. Бірақ «әлі нақты шешім қабылдап үлгермедім», – дейді. Келешекте математика майталмандарымен етене араласып, елдің дамуына үлес қосуды армандайтынын айтады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Ербол Әбішев, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.