Қазақстанда гидротехник инженерлер тапшы
Жамбыл облысында гидротехник инженерлер тапшы, деп хабарлайды 24KZ.
Себебі жалақысы аз әрі жұмыс орны табылмайтын мамандыққа жастардың барғысы жоқ. «Су маманына сұраныстың төмендегені сонша, кейінгі жылдары оқу орындарына бөлінетін гранттар игерілмей қалып жатыр», – дейді мамандар. Гидрологтардың мәртебесін көтеру үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?
Былтыр Жамбыл облысын қуаңшылық жайлап, шаруалар 4 млрд теңгеге шығынға батқан еді. Ал биыл ел аумағының 60% су шайып кетті. Бұл жағдайлар саланың қаншалықты маңызды екенін көрсетіп берді. Себебі бұның бәрін алдын алатын гидрологтар тапшы. Маман даярлайтын кадр жоқ.
Ғалия Зарубаева, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы директорының орынбасары:
- Даярлық өте нашар. Кадрлар қанша жылдан бері дайындалмаған ғой дұрыстап. Баяғы оқытушылар құрамы жоқ болғаннан кейін дайындық өте әлсіз. Ғылым да әлсіз болып кетті. Ғылымға ешқандай қаржы болмағаннан кейін олар да дамымайды.
Өңірде 560 гидротехникалық құрылым болса, соның 40%-і тозған. Ал оны жөндеп қайта салатын гидротехниктер жоқтың қасы. «Соның кесірінен су тасқынын болжау мүмкін болмай отыр», – дейді ғалымдар. Мысалы, соңғы 2-3 айда 3 ауданның халқы көлбеу ағыннан зардап шекті.
Қамбар Тұрсынбаев, жоғары оқу орнының доценті, ғалым:
- Қазір көлбеу сулардың қай жерден қалай келетінін, қайтіп шығатынын, қайсысы нысандарға жетіп баратынын анықтай алмай отырмыз. Сондай бізде жобалайтын маман жоқ.
Мамандыққа қызығушылықтың бәсеңдегенін оқу ордасының басшылығы да мойындайды. Аймақта су мамандықтарына жылына 250-ге жуық грант берілсе, соның тек 30% игеріледі. Бұған жұмыс орындарының аздығы, еңбекақының төмендігі мен әлеуметтік пакеттің болмауы себеп. Проблеманы жаңадан құрылған Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті шешуі тиіс. Талапкер оған түсу үшін 50 балл алса жеткілікті. Одан қалды, мамандық «Дипломмен ауылға» бағдарламасының тізіміне енді. Бұл жас маманға ақшалай көмек пен баспана алуға мүмкіндік береді.
Ғалия Омарова, Су шаруашылығы және табиғатты үйлестіру институтының директоры:
- «Қазсушар» сол жерде жаңа шешім бойынша жаңадан келген жас маманға 100АЕК «подъемник» береді екен. Еңбекақысының көлемі 240 мыңнан жоғары болып отыр. Мұндай жағдай болған емес. 80-90, 130 мың максимум болатын. Қазір соны көтеріп жатыр. Мен ойлаймын егер еңбекақысын көтерсе, әлеуметтік пакет жағдай жасалса, бізге студенттер өздері-ақ келеді.
Қазақ су шаруашылығы және ирригация университетіне биыл 245 грант бөлініп отыр. Студенттер санын 4 мыңға жеткізу жоспарланған. Кафедра саны да 2 есеге артпақ. Бастысы, енді болашақ су маманы оқуды аяқтаған соң 370 мың теңге көлемінде бірреттік қаржылық қолдауға ие болады. «Оған қоса Үкіметте сала мамандарына төмен пайызбен баспана беруді де қолға алып жатыр», – дейді оқу ордасының басшылығы.
Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә.