Соңғы 5 жылда елімізде кітап оқуға деген қызығушылық артқан

Кітапханашылардың айтуынша, баласын ертіп келетін ата-аналар көп екен.

Сонымен қатар мектептерде де тиісті жұмыстар атқарыла бастаған. Тіпті балаларды көркем әдебиетпен қамту үшін мемлекеттік бағдарлама қабылданған.

Кішкентай Амаль биыл 7-де. Кітапханаға аптасына кемінде 3 рет келіп тұрады. Себебі үйдегі шағын әдебиет қорын түгел оқып тауысқан. Ал анасы: «Баланың бұл қызығушылығы бойына адами қасиеттерді сіңіруге көмектеседі», – дейді.

Гүлзар Мұқанова, қала тұрғыны:

- Кітап оқудың тәрбиелік мәні зор. Себебі мектеп бағдарламасында бәрін қамту мүмкін емес. Ата-аналар да кей құндылықтардың маңызын дұрыс жеткізе алмай жатады. Мұның бәрі кітапта бар. Әсіресе балалар әдебиетінде адамзатқа ортақ құндылықтар қарапайым тілде жеткізіледі. Яғни балалар бойына жылдам сіңіреді.

Соңғы 5 жылда елімізде кітап оқуға деген қызығушылық артқан. Астанадағы №4 балалар кітапханасының мамандары осылай дейді. Бұған мектептер мен ата-аналардың тізе қоса әрекет етуі ықпал еткен.

Галина Сбоева, кітапханашы:

- Қазір оқырман талғамы өзгерді. Балалар фэнтези, комикс жанрын, балалар детективтері мен қорқынышты әңгімелерді ұнатады. Дегенмен классикалық әдебиетке де сұраныс жоғары. Келушілер Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы» мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» іздеп жүріп оқиды.

Қазір кітап клубтары да сұранысқа ие. Мәселен, «Ой орда» оқырмандар клубында бірнеше жас категориясына арналған топтар бар. Олар – мектеп оқушылары жиналатын «Ұлт ұстазы», 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер бас қосатын және ересектерге арналған топтар. Жақында «ойордалықтар» жаңа жобаны іске қосуды жоспарлап отыр.

Ердәулет Құрал, Кітап клубтары қауымдастығының президенті:

- Кішкентай балаларға арналған топтар. Мұны біз қазір белгілі бір баспаханалармен бірігіп жасап жатырмыз. Солардың балаларға арналған кітаптарын оқитын болады. Айына 2 кітап оқып бітіреді. Аптасына 1 рет біз бекіткен мұғалім болады. Сол балалармен, оқушылармен жиналып, сол кітапты талқылайды.

Сонымен қатар қазір Қазақстанда «Балалар кітапханасы» бағдарламасы енгізілді. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолға алынған. Ол балалардың әдеби ресурстарға қолжетімділігін арттыруға және елдегі кітапхана білімін дамытуға бағытталған.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Ғалым Абылахат.