Жоғары білім алу үшін несие рәсімдеуге болады

Министрлікке қарасты қаржы орталығы екінші деңгейлі банктермен осындай мүмкіндікті пысықтап жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Қазірдің өзінде мемлекеттік білім кредитін рәсімдеу ережесі дайын тұр. Алайда процентсіз қарыз барлық студентке берілмейді. Бұл бастама тек сараланған грант иегерлеріне арналып отыр. Яғни, ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша жоғары балл жинаған, бірақ грантқа ала алмаған талапкерлерге конкурстық негізде беріледі. Пилоттық жоба аясында педагогика ғылымдары мен әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат саласы бойынша 300 грант бөлінбек. Шәкіртақы толық көлемде төленеді. Ал оқу ақысының жартысы бюджет есебінен, қалғаны студенттің өз қаражатымен өтеледі. Оған шамасы келмесе, процентсіз кредит рәсімдеуге мүмкіндік беріледі. Ол 10 жылға беріледі. Арнайы санаттағы студенттер несиені 15 жылға рәсімдей алады. Әлеуметтік осал топтарға кіретін балаларға ақша аударылғаннан кейін алты айдан кешіктірмей өтеу мүмкіндігі қарастырылған. Бір ескерерлігі, қарыз алушы қайтыс болса, мемлекеттік білім беру кредиттері бойынша талаптар тоқтатылады.