Жаңа оқу жылы: балаларға 43 407 теңгеден аударылады

Жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға оқу-құрал мен киім-кешек сатып алу үшін мемлекет тарапынан 43 407 теңгеден аударылады, деп хабарлайды 24KZ.

Мұндай төлем түрі жетімдер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға, әлеуметтік аз қамтылған және төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен отбасылардың балаларына арналып отыр. Қазірдің өзінде 77 мыңнан астам баланың заңды өкілдеріне 3,4 млрд теңге төленді. Бұл жоспарланған меженің 15%-і ғана. Тиісті жұмыстар жалғасып жатыр. Сонымен қатар бүгіннен бастап «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы басталды. Оның аясында кәсіпкерлер мен еріктілер есебінен көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетіледі.

Насымжан Оспанова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы:

- Материалдық көмек көлемі барлық өңір үшін соңғы 3 жылда 2,5 есе артты. Мәселен, 17 мыңнан 43 мың теңгеге өсіп отыр. Ата-аналар қажетті тауарларды сатып алғаннан кейін оны растайтын құжатты ұсынулары керек. Материалдық көмекті алу үшін әр ата-ана мектеп директорының атына өтініш жазады.