24KZ тілшісі ҰБТ-дан 140 балл жинаған екінші түлекпен тілдесіп қайтты

Биыл елімізде ҰБТ-дан екі өрен ең жоғары 140 балл жинады, деп хабарлайды 24kz.

Соның бірі – Астана іргесіндегі Рақымжан Қошқарбаев атындағы №1 мектептің түлегі – Айым Ержанова. Көпбалалы отбасыннан шыққан Айым – «Алтын белгі» иегері. Оқуда озат атанған ол өнерімен де өзгелерді тәнті етіп жүр.

Назерке Тоқжан, тілші:

- Бұл мектепке тарыдай болып кірген Айым үлкен өмірге қанат қақты. Зерек қыз - алтын ұя мектебінің мақтанышы. Оны үнемі алға жетелеген – таудай талабы. Айым үздік оқып қана қоймай, ҰбТ-да 140 балл жинап, айды аспанға шығарды. Осылайша, мұғалімдерін ғана емес, мұқым елді сүйсінтті. Десе де, мұндай жетістіктің түбі тынымсыз еңбек. Екі жыл жатпай-тұрмай тест жаттап, кітап жастанып, дайындалған оның міне, жұлдызы жанды.

Айым Ержанова, Р.Қошқарбаев атындағы №1 мектептің түлегі:

- Жалпы, мен өзімді моралды тұрғыда дайындап кірдім деп айтсам болады. Себебі 2 жыл дайындығымды қазір ғана көрсете аламын. Қанша дайындалдым, тек ұпаймен ғана есептеледі ғой. Соны дәлелдеу керек болды, басқаға емес, өзіме. 133 баллдан бастадым осы қаңтар айында, ары қарай наурыз айында 133 балл, одан кейін бірінші ҰБТ-да 136. Одан кейін 140 балл алдым.

Гүлдариға Исина шәкіртінің әр жетістігіне куә. Сондықтан бұл жолы да Айымның айының оңынан туарына еш күмәні болмаған. «Әсіресе қазақ тілі мен әдебиетіне жүйрік», - дейді. Тіпті Абайдың 30, Мұқағалидің 50 өлеңін мүдірмей жатқа соғады.

Гүлдариға Исина, Р.Қошқарбаев атындағы №1 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

- Жүсіпбек атамыз айтады ғой, іздесең табасың, еңбектенсең жетесің деген. Айым өте көп ізденді. Ол бала биылғы 11-сыныптың өзінде де ҰБТ-ға дайындалып жүрсе де, өзінің сол ізденімпаздығын тоқтатқан жоқ. Қазақ әдебиеті бойынша ғылыми жобалар байқауында сөйлеу мәдениеті деген ғылыми жоба қорғап шықты. Облыстық жарыстан 2-орын алды.

Оқуда озат жас өнерден де қара жаяу емес. 5 жыл музыка мектебінде тәлім алды. Жарыстардан үнемі жүлдемен оралатын қаршадай қыз қасиетті қара домбыраны еркін шертеді.

Айым – ҰБТ-да ең жоғары балл жинаған еліміздегі екі өреннің бірі. Оған міндетті пәндер мен IELTS қорытындысы бойынша  қол жеткізді. Жуырда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек талапты жасты жеке қабылдап, құттықтауын жеткізген. Тұңғышының топ жарарын ана жүрегі сезіпті. Көпбалалы отбасында Айымның ізін жалғап, сіңлісі де оқу озаты атанған.

Әйгерім Тәпенова, көпбалалы ана:

- Мен ҰБТ-ға кеттім деп кетті, содан 1 сағаттың ішінде звондады, сағат 10.00 кезінде «мама мен 140 балл алдым» деп. Сезім өте керемет болды. Үй ішімізбен қатты қуандық. Өзіміз көпбалалы отбасы, биыл ғана кішкентайымыз дүниеге келген. Соны қарасып көмектесті, мектепке де үлгерді.

Ағылшын тілін жетік білетін жеткіншек екі шет тілі мамандығы бойынша еліміздегі ЖОО-ның біріне құжат тапсырды. Арманы айқын, мақсаты биік. Абай айтпақшы, дүниенің кетігіне кірпіш болып қаланып, елі үшін қызмет еткісі келеді.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Ырыстанбек Оспанов