Астаналық оқушылар халықаралық олимпиададан жүлдемен оралды
Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиададан жүлдемен оралды.
Құраманың бес мүшесі де медаль еншілеп, 100 пайыз көрсеткішке қол жеткізген. Дарынды жастарды әуежайдан жақындары мен достары күтіп алып, құрмет көрсетті.
Томирис Назарбаев зияткерлік мектебінің биылғы түлегі. Экономиканы тоғызыншы сыныптан бастап оқыған. Бұл пәнге қызығушылығым сол кезде оянды дейді ол. Содан бері үздіксіз білімін жетілдіріп, халықаралық олимпиадада Қазақстан намысын қорғауға аттанды. Нәтижесінде сынақтың үш кезеңінен де жоғары ұпай жинап, қола жүлдегер атанды.
Томирис Ыдырысбаева, халықаралық олимпиаданы қола жүлдегері:
- Бірінші кезең ол экономика кезеңі. Ол ашық сұрақтар мен тест сұрақтарынан тұрған. Екінші кезең қаржылық сауаттылық бойынша тест. Және де үшінші кезең ол топтық кезең. Құрамамен біз бизнес кейсті шештік. Осы жолғы бизнес кейс Гонконг қаласындағы тұрғын үй мәселесі туралы болған.
Мұғалімі Томиристің ерекше зеректігімен көзге түскенін айтады. Ізденімпаз оқушы мектеп кезінде түрлі ғылыми жобалар қорғап, зерттеулер жасауға әуес болған.
Динара Мылтықбаева, экономика пәні мұғалімі:
- Оның жүлде алуға деген құлшынысы жоғары болды. Оған осы олимпиада туралы 11 сыныпта менің тобыма түскенде айттым. Томирис екеуміз сол кезден бастап дайындалдық. Мен шәкіртімнің жақсы нәтиже көрсететініне сендім. Өйткені біз сабақта түрлі жағдайлардың шешімін табуға тырысатынбыз. Яғни, оқушылар мәселені зерттеп, тығырықтан шығу жолдарын түрлі графикалар арқылы түсіндіреді. Дәл осы сараптама жасау қабілеті Томириске биіктен көрінуге көмектесті деп ойлаймын.
Аталған олимпиада шілденің 22-31 аралығында Қытайдың Гонконг қаласында өтті. Осымен жетінші рет жалауын көтерген бәсекеге Қазақстан алғаш рет қатысып отыр. Біздің құраманың қоржынында 2 алтын, 3 күміс медаль бар.
Нұрлан Жұмагелді, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары:
- Өткен жылы Қазақстаннан барған 31 баланың 23 медаль әкелді. Енді ол мысалы керемет көрсеткіш деп айтуға болады. Басқа мемлекеттер кейде медаль да алмай кететін мемлекеттер бар. Ал бұл экономика олимпиадасына әлемнен биылғы жылы 52 мемлекет қатысты. 265 бала ғой деймін ұмытпасам. Енді сол балалардың ішінен медальсіз қайтпау деген, медаль әкелу деген өте үлкен жетістік деп есептейміз.
Қазақстанда сыйақы берілетін 7 халықаралық олимпиада бар. Бұл білім бәйгелері математика, физика, химия, биология, география, информатика және лингвистика пәндері бойынша өтеді. Биыл қазақстандықтар соның 5-не қатысып, 18 медаль, 1 грамота алды. Қазір оқушыларымыз Ирландия мен Мысырда өтетін бәсекелерге дайындалып жатыр.
Серік Селеубайұлы, Қанат Махмұтов