Биылдан бастап түлектерге сараланған грант механизмі енгізілді
Биыл бакалавриатқа 78 мың грант бөлінді. Оған 104 мыңнан астам талапкер таласты, деп хабарлайды 24kz.
Демек, 20 мыңнан астам жас түлек грант иегерлері тізіміне іліккен жоқ.
Мемлекет жастар үшін тағы бір мүмкіндік беріп отыр. Биылдан бастап сараланған грант механизмі енгізілді. Бұл грантқа кімдер ие бола алады?
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Мемлекеттік білім беру грантына қол жеткізе алмаған талапкердің сараланған грант иегері атануына толық мүмкіндігі бар. Яғни, оқу ақысының жартысын мемлекет төлейді. Бұл гранттар биыл алғаш рет енгізіліп отыр.
Гүлзат Көбенова, ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы:
- Мемлекет оқу ақысының бір бөлігін төлейді. Немесе қаржылық орталық арқылы пайызсыз, жеңілдетілген несие алуға болады. Бұл ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде жоғары балл алса да, грантқа ілікпей қалған түлектер үшін қолайлы. Қазір 30 мыңнан астам талапкер осы сараланған грант арқылы оқуға келісімін берді.
Мемлекет тарапынан 300 сараланған грант бөлінді. Оның жартысы педагогика мамандықтарына арналған. Ал қалған 150-і әлеуметтік ғылымдар мамандықтарына беріліп отыр. Грантқа ие болу үшін қосымша құжат тапсыру қажет емес. Сараланған грант бойынша оқуға келісім берген кез келген талапкер балл санына сәйкес автоматты түрде жеңімпаз атанады.
Наужан Дидарбекова, ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары:
- Оларға тиісті стипендия тағайындалады, барлық оқу мерзіміне беріледі. Сонымен қатар бізде жергілікті атқарушы органдардың гранттары бар. Оны да ұмытпаулары керек. Сонымен қатар Қазақстан халқына қорының гранттары бар. Және кейбір жағдайларда осы мемлекеттік білім беру грантының иегері болып, бірақ бас тартқан түлектер болады. Солардың гранттарын атап өтетін болсақ, солар бас тартқан гранттардың орнына келесі тұрған үміткерлер грант иегері бола алады.
Жалпы биыл бакалавриатқа 78 мың грант бөлінді. Ал грантқа құжат тапсырғандар саны 100 мыңнан асты. Әсіресе, медициналық мамандықтарда бәсеке жоғары болды. Мәселен стоматология мамандығы бойынша бір орынға 35 талапкер таласты.
Авторы: Нұрқанат Қанапия