Министр: Талапкерлердің грант алу мүмкіндігі әлі бар
Грантқа түсе алмай қалған талапкерлерге әлі де грант ұтып алу мүмкіндігі бар.
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабарлады. Биыл конкурсқа қатысушылар саны былтырғымен салыстырғанда 11 мыңға көп. Бәсекелестік үлкен болғандықтан жоғары балл жинаған 10 мыңнан астам оқушы грант ала алмады. Оның 7 мыңнан астамы шығармашылық мамандыққа тапсырған түлектер. Мәселен, дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау бойынша 1 орынға 11 үміткер, сән және дизайн бойынша 9, стоматологияға 35 адамнан келді. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 5112 грант бөлінді. Бұл аймақтарға квота қарастырылғанымен, талапкерлер жалпы конкурс бойынша грант ұтып алды. Олардың тек 1130-ы ғана мүмкіндікті пайдаланған. Алдын ала болжам бойынша, 3 мыңға тарта талапкер мемлекеттік гранттан бас тартуы мүмкін. Мұндай жағдайда тегін білім алу мүмкіндігі жоғары ұпай жинаған келесі адамға беріледі. Одан бөлек, жергілікті әкімдіктер де арнайы гранттар бөледі. Қауымдастықтар, жұмыс берушілер мен университеттер тағайындайтын гранттар да бар, деп атап өтті министр.