Қостанай облысында бірқатар ауылда жаңа мектеп салынып жатыр

Қостанай, Рудный, Арқалық қаласы мен Заречный және Құсмұрын ауылдарында барынша жабдықталған жайлы мектептер бой көтереді.

Қостанай облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алты білім ордасы салынып жатыр. Оның төртеуі күзде тапсырылады. Қалғаны келер жылдың еншісінде. Оның ішінде ең ірісі - 1200 оқушыға шақталғаны облыс орталығының Береке шағын ауданында қолданысқа беріледі. Ұлттық жобаны жүзеге асыруға өңірге республикалық бюджеттен шамамен 24 миллиард теңге бөлінген. Осы уақытқа дейін соның жартысы игерілді.

Жасұлан Мұрзақаев, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша тапсырыс беруші компанияның жетекші маманы:

- Биыл алты мектепті де тапсыру жоспарланған болатын. Бірақ түрлі себептерге байланысты Құшұмұрын мен Рудныйдағы нысан құрылысы кешеуілдеп жатыр. Сондықтан келер жылға қалатын түрі бар. Одан бөлек 2025 жылы Қостанайдағы Қонай шағын ауданында және Тобыл қаласындағы Бәйтерек шағын ауданында екі мектептің құрылысы басталады.