Түркістандық оқушылар жайлы мектепке көшеді
Түркістан облысы биыл апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешпек.
Өңірде қазір 4 апатты және 5 үш ауысымды мектеп бар. Жауаптылардың айтуынша, қазір 4 апатты мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 3 мектептің құрылысы аяқталады. Үш ауысымды 5 мектептің мәселесі де жыл соңына дейін «Жайлы мектеп» жобасы аясында шешімін табады. Бұл туралы облыс әкімдігінде мектеп ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізуге арналған жиында айтылды. Түркістан облысында 2023-2025 жылдары жобалық қуаты 49 мың орындық 63 «Жайлы мектеп» мектеп салу жоспарланған. Биыл соның 29-ы пайдалануға беріледі. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтің айтуынша, биыл облыстағы 321 білім мекемесін жөндеуге 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның 10,2 млрд теңгесі білім саласындағы үнемделген бюджет қаржысы есебінен алынды.
Жандос Маханбетов, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Оның 22-сі күрделі жөндеу жұмыстары. Жалпы құны – 7,7 млрд теңге. Одан кейін 193-сі ағымдағы жөндеу жұмыстары, 10,2 млрд теңге. Сондай-ақ 106 мектептің жылу жүйесі табиғи газға ауысып жатыр. Оған да 2,2 млрд теңге бөлініп отыр. Жалпы облыста мемлекеттік 910 мектеп бар. Оның 753-і типтік ғимаратта орналасқан, 157-і ыңғайластырылған мектепте.