Биыл 1,7 миллион оқушы тегін тамақпен қамтылады

1 қыркүйектен бастап 1 млн 700 мың бастауыш сынып оқушысы мен мемлекеттік қолдауға мұқтаж отбасылардан шыққан бала мектепте тегін тамақпен қамтылады.

Бұл жайында алдағы оқу процесіне дайындық мәселелеріне арналған Үкімет отырысында айтылды. Премьер-министр Олжас Бектенов биыл 500 мыңнан астам оқушыға әлеуметтік қолдау көрсетілетінін жеткізді. Бұл мақсатқа бюджеттен 22 млрд теңгеден астам қаражат бөлу қарастырылған. Әкімдіктер мектеп формасы мен оқуға қажет құралдарды сатып алу үшін қаражатты ата-аналарға уақтылы жіберуге тиіс. Биыл елде 360 мың оқушы мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды. Олжас Бектенов Оқу-ағарту министріне барлық мектептердің оқулықпен толық қамтамасыз етілуін бақылауда ұстауды тапсырды.   

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Балаларды бірінші сыныпқа қабылдау мәселесіне ерекше тоқталғым келеді. Қазір бұл процесс белсенді жүріп жатыр. Оны дұрыс ұйымдастыру керек. Балабақшаға бармаған болашақ 1-сынып оқушыларына көбірек көңіл бөлген жөн. Сондықтан балабақшалар жанындағы консультациялық пункттердің қызметін жандандыру қажет. Балалардың мектепке дайындалуына барынша көмектесу керек.