Сыр топырағына тропикалық қауын түрі егілді
Қызылорда қанты көп әрі тез пісетін қауын екті, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл – тропикалық аймақта өсетін, яғни Таиландтан әкелінген жаңа сұрып. Өзі су мен тыңайтқышқа да үнем. Енді осы жаңа дақылдың тағы қандай артықшылығы бар? Ғалымдардың көңілі неге тек осы қауынға ауып отыр?
Климат өзгеріп жатыр. Су тапшылығы да өзекті мәселеге айналды. Сондықтан тез өнім беретін бақша дақылдарын егу қажет. «Бұл ретте таиландтық ғалымдармен әріптестік орнатып отырмыз. Олар ойлап тапқан қауын сортын жылыжайда сынақтан өткіземіз. Содан кейін жергілікті қауын тұқымымен будандастырып, жаңа сорт шығару жоспарда бар», – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, жылыжай шаруашылығының директоры Самалбек Қосанов.
Самалбек Қосанов, Жылыжай шаруашылығының директоры:
- Құрамындағы қанттылығымен бағаланады. Оның құндылығы қанттылығына байланысты. Егер біздің Қызылорда облысының жергілікті қауындардың қанттылығы 18% брикстен аспайтын болса, олардың айтуынша, бұл қауындардың қанттылық мөлшері 20% бриксті көрсетеді деп тұр. Сондықтан ауруға төзімді, тасымалдауға төзімді.
Тропикалық қауын сортының жылыжайға егілгеніне 10 күн болған. «Қазіргі шығымдылығы жақсы», – дейді мамандар. Бұл дақылдың бір ерекшелігі жергілікті қауындар секілді 90 күнде емес, небәрі 60 күнде піседі екен.
Мұндай қауын Еуропа елдерінде сұранысқа ие. Бағасы да жергілікті өніммен салыстырғанда 10-15 есе жоғары. «Сынақ ойдағыдай өтсе, өзге де дақылдарды жерсіндіру жоспарда бар», – дейді таиландтық тұқым шаруашылығы компаниясының өкілі Садавуд Конмане.
Садавуд Конмане, тұқым шаруашылығы компаниясының өкілі:
- Қызылорда облысындағы жергілікті қауынның дәмі бізге ұнады. Өңірде бақша дақылдары көп егілетінін білеміз. Дегенмен экономикалық жағынан тиімді жаңа сорттарды өндіріске қарқынды түрде енгізу қажет деп ойлаймын. Алдағы уақытта Таиландтағы зертханаларда жасалған бірқатар дақылдың сорттарын ұсынуға дайынбыз. Қызылордалық ғалымдармен әріптестік жалғаса береді.
Ғалым Самалбек Қосанов жаңа сортты келер жылы ашық алаңда сынап көрмек. Оң нәтиже болса, жергілікті шаруалармен бірлесіп егіс ауқымын кеңейтуге ниетті. Ал таиландтық ғалымдар өз кезегінде Қазақстанда өсетін қауын сорттарын тропикалық аймақта тәжірибеден өткізбек.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.