Астанада INESS – 2024 халықаралық конференциясы өтіп жатыр
Қазір сенсор мен батарея электронды құрылғымен қатар автокөліктердің де ажырамас бөлшегіне айналғаны белгілі.
Сондықтан олардың қызмет көрсету мерзімін ұзарту және қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды міндет саналады. Астанада өтіп жатқан халықаралық конференцияда осы бөлшектерді жасайтын материалдар өндірісін дамыту мәселесі талқыланды. Бүгінде әлем бойынша шикізат тапшылығы сезіліп отыр. Жиында литий және никель металдарын өндірудегі кедергілер мен кен байытудағы олқылықтар жан-жақты қаралмақшы. Сонымен қатар литий-ионды және натрий-ионды батареялардың тиімділігін арттыру бойынша тың жобалар пысықталады.
Конференцияға отандық ғалымдармен бірге Жапония, Қытай, Германия, Оңтүстік Корея, Ресей, Ұлыбритания және Тайвань елдерінің өкілдері қатысып жатыр. Конференция 2 күнге жалғасады. 2 күн ішінде барлығы 150-ден астам салаға қатысты зерттеулерін таныстырып, ойларымен бөліседі.
Айта кетейік, конференция ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына орайластырып отыр.
Жұмабай Бәкенов, Назарбаев университет профессоры:
- Бұл конференция басқа материалдардың технологиялары, материалдарды қолдану, мысалы, сенсорларда, сутегі өндірісі технологиясында, катализаторлар жасау технологиялары, материалдары. Оның барлығы осы конференцияда толық талқыланады. Бірақ негізгі тақырып – ол аккумуляторлардың материалдары.