Атырау облысында 29 мектеп Starlink жүйесіне қосылады

Атырау облысында 29 мектеп жаңа интернеттік жүйеге қосылады, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл алыс ауылдардағы мектеп оқушыларына аса қолайлы. «Starlink» жүйесі арқылы білім саласына инновациялық тәсілдерді енгізуге, электронды оқулықтарды кеңінен пайдалануға қол жеткізіледі. Сондай-ақ ауыл мұғалімдеріне онлайн форматта тәлімгерлік көмек көрсету, цифрлы білім беру ресурстарын пайдалануға мүмкіндік туады.

Күні бүгін Атырау облысында 205 мектеп интернет жүйесімен қамтылған. «Былтыр Мемлекет басшысының білім беру процесін цифрландыру қарқынын жеделдету жөніндегі тапсырмасына сәйкес 35 мектепті қайта жабдықтау жұмыстары қолға алынған еді», – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Марат Әбуов.

Марат Әбуов, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Бұл мектептер шалғайда орналасқан және жылдамдықты арттыру мүмкіндігі жоқ мектептер болатын. Қазіргі уақытта 29 мектептің 26-сы интернет жүйесіне қосылды. Қалған 3 мектепті қосу 2025 жылға жоспарланған. Қазіргі уақытта аталған 3 мектепті «Starlink» жүйесіне қосу үшін «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ-мен келісімшарт жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр.