«Бәйтерек» кешенінен 2025 жылдың аяғында алғашқы зымыран ұшырылады
«Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінен 2025 жылдың аяғында алғашқы зымыран ұшырылады.
Сынақ кезеңі 2027 жылға дейін жоспарланған. Содан кейін ғана коммерциялық жобалар жүзеге аса бастайды. Ғарыштық технологияларды дамытуға бағытталған жоба қазір қандай деңгейге жетті? Әріптесім Нұрлан Жақыпбеков осы сұрақтың жауабын білу мақсатында ғарыш айлағына барды.
«Бәйтерек» ғарыш кешенінен келесі жылы “Союз 5” зымыраны зеңгір көкке жол тартады. “Бұл жоба болашақта табысты болады. Айтулы саланың қызметіне сұраныс әлемде жыл сайын артып келеді. Ең бастысы ғарыштық технологияны меңгерген мамандардың көбеюіне жол ашылады” дейді.
Баубек Оралмағамбетов, ҚР Аэроғарыш комитетінің төрағасы:
- Бұл инновациялық жоба болғандықтан әрине бізге көп деген мамандар керек, оларды оқыту керек, олар практикадан біздің кешенде өту керек. Көп деген спутник топтарын ұшыратын тапсырыстар бола береді. Олардың тапсырыстарының барлығын ғарыштық кешенге шығару үшін ғарыштық зымыран арқылы шығару керек. Біздің “Бәйтерек” сияқты.
Жобаны жүзеге асыру үшін 2018 жылы “Зенит” ғарыштық кешені Ресейден Қазақстан меншігіне өтті. Бүгінде нысан қайта жаңғыртылуда. Мамандардың айтуынша бұл жерден ұшырылатын зымыран тасығыш қазіргі талаптарға толық сай келеді.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Кезінде бұл жерден “Зенит” зымырандары ұшырылған. Ал келесі жылдан бастап экологиялық таза отынды пайдаланатын “Союз 5” зымырандары осы тұғырдан көкке самғайтын болады. Бұл жерді қайта қалпына келтіру жұмыстары тиісті кестеге сай жүріп жатыр.
Айдын Айымбетов, «Бәйтерек» БК Басқарма төрағасы:
- Қазір жер үстіндегі нысандарға құрылғыларды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстарды бір жарым жылдың ішінде атқару жоспарланған. Жоба жүзеге асқан кезде отандық жерсеріктермен қатар шетелдің де құрылғыларын ұшырамыз.
Зымыран ұшырылымдарын басқару орталығы да толық қайта жабдықталады. Ол үшін соңғы үлгідегі технологиялар қолданылады.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин