Астанада жас мұғалімдерге шеберлік сағаттары ұйымдастырылды

Ауыл мектептері оқу процесіне жасанды интеллект енгізуге мүдделі, деп хабарлайды 24kz.

Сол үшін биыл еліміздің түкпір-түкпірінен 300 жас маман Астанаға дәріс тыңдауға жиналды. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ұйымдастырған шарада тәжірибелі ұстаздар шеберлік сағатын өткізіп, педагогикалық құпияларымен бөлісті.

Ақерке Еркінова Астанадағы жас мамандар форумына тұрақты қатысады. Жеті жылдан бері ІТ бағытындағы мектептің математика пәні мұғалімі. Атыраулық маман бұл жолы дәріс тыңдауға емес, әріптестеріне білгенін үйретуге келген.

Ақерке Еркінова, математика пәнінің мұғалімі:

- Бірінші республикалық форумнан, әрине, көп инсайттар алдық. Сол инсайттардың барлығын өз іс-тәжірибемізде қолдандық. Соның негізінде олимпиадалық бағыттағы оқушыларды дайындау, қалай дайындауға болады? Қанша оқушыны іріктеп алу керек? Оқушыны қалай таңдау керек? Ресурстарды қалай анықтау керек? Сол бағыттағы тәжірибемді бүгін бөлісетін боламын.

«Жас ұстаз: табысқа апарар жол» жобасы өз жұмысын 2021 жылы бастаған. Мұнда тәжірибелі ұстаздардың шеберлік сағаттарымен қатар түрлі тақырыптық талқылаулар өтеді. Сонымен қатар жас мамандарға үнемі қолдау көрсету үшін қауымдастық құрылған.

Толқын Айдосова, Педагогикалық шеберлік орталығы директорының орынбасары:

- Жоспар бойынша осы тақырыптар жас ұстаздармен талқыланады. Қажетті сұрақтар. Қандай сұрақтарды келесі оқу жылында талқылағысы келеді? Олардан анкеталар алынады. Сауалнамалар алынады. Соның нәтижесінде біз әдістемелік қолдау көрсету жоспарын жасаймыз. Сол жоспар бойынша ай сайын, айына екі рет сол алаңда немесе офлайн форматта әдістемелік жұмыстар жүргізіліп тұрады.

Биылғы форум ауыл мектептерінде қызмет ететін мұғалімдерге арналады. Дәстүрлі жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден астам маман келген. Олар оқу процесіне жасанды интеллект енгізу, эмоционалды интеллекті дамыту сынды заман талабына сай тақырыптарды талқылады.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Өрден Жарқын