Қазақ-түрік университеті талапкерлер үшін қосымша 50 грант бөлді
Халықаралық қазақ-түрік университеті су тасқыны кезеңінде зардап шеккен талапкерлер үшін қосымша 50 білім грантын бөлді, деп хабарлайды 24kz.
Бұл жоғары оқу орны жыл сайын дәстүрлі түрде бакалавр мен магистратурада білім алғысы келетін қазақстандық студенттерге 500 квота беріп отырады. Бүгін университет кеңесінің 77-отырысында былтырғы оқу жылы қорытындыланып, алдағы жылдың жоспары айқындалды. Дәлірек айтсақ, Мемлекет басшысының Turk Time бастамасы аясында бірқатар зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Ол екі елдің ынтымақтастығын арттыруға мүмкіндік береді, дейді мамандар.
Мухиттин Шимшек, Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілетті кеңес төрағасы:
- Өкілетті кеңестің 77-отырысы өтті. Оның ерекшелігі – Turk Time аясында өтуі. Бұл бастаманың түркітілдес елдердің бірлігін артыратыны сөзсіз. Себебі ол мәдениеттерімізді, тарихымыз бен дәстүрлерімізді дамытуға мүмкіндік береді. Қазақстан мен Түркия басшылары бірін бірі бауыр дейді. Біз де бүгін су тасқынынан зардап шеккен талапкерлер үшін қосымша білім грантын бөліп, оларды қолдап отырмыз.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Сел апатында зардап шеккен аймақтарға арнайы квота бөлініп отыр. Мұның барлығы осы бауырлас елдерге ортақ оқу орнының еліміздегі жағдайларға бей-жай қарамайтынын көрсетеді. Жалпы қазақ-түрік университеті біздің интеграцияның бастауында тұр деп айтуға болады.