Қызылорда облысындағы барлық білім беру ұйымдары интернетпен қамтылды

Қызылорда облысындағы барлық білім беру ұйымдары интернетпен толық қамтылды, деп хабарлайды 24kz.

Шалғай ауылдардағы мектептерге спутниктік құрылғылар орнату арқылы мәселе шешімін тапты. Білім беру жүйесін жетілдіре түсу үшін салаға цифрлық технологияны кеңінен енгізу жалғасын табады. Бұл туралы «Digital Kazakstan: Жаңа замандағы білім беру» атты облыс педагогтарының тамыз кеңесінде айтылды.

Қызылорда облысындағы мектептердің басым бөлігінде робототехника үйірмелері іске қосылып, 25 мыңнан астам бала IT бағыттағы үйірмелерге қатысу мүмкіндігін алды. Аймақта жасанды интелект мектебін ашу үшін Оңтүстік Корей мемлекетімен бірлескен бағдарлама аясында тиісті келісімдерге қол жетті.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

-Жасанды интеллект мектебі, машиналық оқыту және терең оқыту бағыты қамтылуда. Осы жұмыстар арқылы аймақтың IT бағыттағы талантты жастарын республикалық және әлемдік деңгейде танытуға жол ашамыз.

Соңғы жылы облыста білім саласына бөлінетін қаржы 8,5%-ке өсті. Биыл өңірде жаңа 14 мектепті қолданысқа беру жоспарланған. Оның ішінде 10 білім ұясы «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынып жатыр. Жаңа білім ошақтарының дені ауылдық жерлерде бой көтеруде. Сыр өңірінің оқушылары Ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткіші бойынша да көш басында тұр. Осындай жетістікті еселеу үшін оқу ошақтарының материалдық-техникалық базасы жетілдіріле береді.

Асқарбек Есжанов, облыстық Білім басқармасының басшысы:

- Бастауыш сынып және ерекше қажеттілігі бар балалар үшін 17 интерактивті логопед құрылғылары орнатылуда. Сонымен қатар 6 IT мектеп-лицейге жасанды интеллект элементтерін тереңірек меңгерту үшін адам тәрізді роботтар алынды.

Жиын соңында облыстың «Үздік орта білім ұйымы» анықталды. Бұл жүлдеге Жалағаш ауданының әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейі лайық деп танылған. Аталған білім ұясына 34 млн теңгенің сертификаты табысталды.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин