Ғани Бейсембаев жаңа оқу жылына дайындық жайында Президентке есеп берді
Бүгін Мемлекет басшысы Астанадағы бірқатар жаңа мектепті аралап көрді, деп хабарлайды 24kz.
Президент «Нұра» ауданындағы №101 мектептің жұмысымен танысты. Аталған білім ордасында екі ауысымда 4 мың оқушы жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша оқитын болады. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев мектептің оқу және шығармашылық кабинеттерін, сондай-ақ спорт және акт залдарын аралады. Президентке жаңа білім ұясының мүмкіндіктері жайында мәлімет берілді. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елорданың орта білім беру саласын дамыту туралы баяндады. Сондай-ақ ол «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 24 оқу ошағы салынып жатқанын айтты.
Ал Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңа оқу жылына дайындық жайында есеп берді. Бүгінде республика бойынша 536 мың оқушыға арналған 302 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ал 220 мың оқушыны қамтитын 280 білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өтуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 1,7 миллион бала тегін тамақпен қамтылады. Бұдан соң Президент елордада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа білім ошақтарына барды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы №103 мектепке барып, заманауи құрылғылармен жабдықталған оқу кабинеттерін аралап көрді. Президентке оқу-тәрбие жұмыстарына қолайлы жағдай жасау жаңа мектептердің басты ерекшелігі екені айтылды. Білім ордасының аумағы мен ғимарат ішінде оқушылардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етілген. Ол үшін бейнебақылау жүйесі орнатылған. Қазіргі кезде мектептің ішкі әрлеу жұмыстары аяқталып қалды. Сонымен қатар жиһаздар мен құрал-жабдықтар орнатылып, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.