Жаңа оқу жылынан бастап 350 мектепте шахмат үйретіледі
Қазақстанда 350 мектепте жаңа оқу жылынан бастап шахмат үйретіледі.
Бұл туралы елордада өткен халықаралық конференцияда Қазақстан шахмат федерациясы хабарлады. KazChess-тің вице-президенті Дармен Садуақасовтың айтуынша, зияткерлік ойынды үйренгісі келетіндер көп. Бірақ кейбір оқу орындарында әлі де қажетті құрал-жабдықтар жоқ. Бұған қоса, оқытушылар арнайы дайындықтан өтіп жатыр. Бүгінгі таңда 200 мұғалім тиісті курстардан өтті.
Еске салайық, былтыр пилоттық жоба аясында бүкіл ел бойынша мыңға тарта бірінші сынып оқушысы шахмат ойынын үйрене бастады.
Жазира Искандирова, Қазақстан шахмат федерациясының жобалар жетекшісі:
- Жергілікті атқарушы органдармен қатар Қазақстан шахмат федерациясы 2027 жылға дейін Қазақстанның 1400 мектебінде шахматты бастауыш сыныптарда вариативті пән ретінде енгізуіміз қажет. Осы жолы 350 мектеп деп болжап отырмыз. Шахмат бірінші сыныптарда енгізіледі. Вариативті сағат дегеніміз – ол элективті пән. Әр сынып жетекшісі өзі таңдайды. Өз сыныбында енгіземін бе, енгізбей бе.