Елдегі мектептердің 89%-і жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған

Қазіргі таңда елдегі мектептердің 89%-і жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған, деп хабарлайды 24kz.

Ал шалғай аудандарда орналасқан 1731 білім ұясына Starlink жүйесі қосылған. Бұл жайында бүгін елордада өткен тамыз конференциясы барысында айтылды. Педагогтардың жылдағы бас қосуы биыл «Digital Kazakhstan: заманауи білім беру» тақырыбымен өтті. Оған осы саланың 500 мыңнан астам қызметкері қатысты. Пленарлық отырыстарда мамандар жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне интеграциялау, цифрлық мектеп – цифрлық мұғалім тақырыбы төңірегінде ой өрбітіп, тың технологияларды кеңінен пайдалану жайын талқылады. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың сөзінше, жасанды интеллектіні қазір мұғалімдердің көмекшісі ретінде пайдалану көзделген.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Жасанды интеллектіні сабақта мұғалімнің орнына емес, мұғалімнің көмекшісі ретінде, ең бастысы, әрбір баланың даму траекториясын анықтауда осы жасанды интеллектінің көмек бере алатынын көріп отырмыз. Жасанды интеллектінің жалпы білім сапасын арттырудағы тиімді жақтарын қарастыру мәселесін біз бүгін ойталқыға салып отырмыз. Ары қарай ғалымдар бар, тиісті мамандар бар, бұны ой елегінен өткізе отырып, оны тағы да ары қарай, ең бастысы, баланың білімінің біркелкі сапаның болуына әсер етуіне біз міндетті түрде мән беретін боламыз.