Қостанай облысында 12 мектеп жабылды

Биыл Қостанай облысында 12 мектеп жабылды. Бұлар – бала саны бесеуден аспайтын шағын білім ошақтары, деп хабарлайды 24KZ.

Есесіне жыл аяғына дейін өңірде 6 жаңа мектеп ашылАды. Оның төртеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынып жатыр.

Меңдіқара ауданы орталығындағы Ахметқазы Шотаев атындағы мектеп-гимназия 1962 жылы салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. 800-ге жуық бала оқитын үшқабатты ғимараттың тозығы жеткен еді. Биыл бастан-аяқ қалпына келтіріліп жатыр.  

Данагүл Ерменова, Боровской мектеп-гимназиясының директоры:

- Жаңартылды мектептің сырты, төбе ауыстырылды. Спортзалдарды толығымен қалпына келтірдік. Енді қазір бірінші қабатта плиткаларын салу және кіреберістегі есіктерді ауыстыру қалды. Ең үлкен масштаб алып тұр. Соны 1-2 жетінің ішінде тәмамдап қаламыз деп отырмыз.

Мұнда атқарылатын жұмыс ауқымы әлі аз еместігі байқалса да, жауапты басшылар 1 қыркүйекке дейін толық аяқтаймыз деп сендірді. Осындай күрделі жөндеу облыстағы 9 мектепте жүргізіліп жатыр. Оның жетеуі – ауылдық білім ошақтары. Ал ағымдағы жөндеумен 142 мектеп қамтылған. Шекара түбіндегі Оразалы Қозыбаев атындағы Қаратал орта мектебінде жеңіл-желпі жөндеумен шектелген.

Гүлдана Ахметова, Меңдіқара аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Қаратал мектебінде биыл бізде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектеп шынымен де үлкен, бірақ та бала санының тапшылығына байланысты әлеуетсіз деуге де болады. Өйткені ауылда адам саны да аз. Бала саны да аз. Сол себептен ол жерде ағымдағы жөндеу жұмыстарын өткізіп жатырмыз.

Қостанай облысының бір ерекшелігі, бала саны аз, шағын жинақты мектептер тым көп. Білім ошақтарының жартысынан астамы сол санатқа жатады. 

Анна Лазарева, Қостанай облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы:

- Нормативке сәйкес бастауыш мектептерде бала саны бесеуден кем болмауы керек. Биыл осы талапқа сай келмейтін 12 білім ошағы жабылды. Ондағы 50 шақты бала жақын жердегі мектептерге ауыстырылып, тасымал ұйымдастырылады.

«Облыста бала санына шаққанда мектеп жеткілікті», – дейді сала мамандары. Қазіргі кезде негізгі мақсат – білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту. Биыл 34 оқу кабинеті заманауи жаңа құралдармен жабдықталған.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.