Алматыда демалыс лагерьлері жұмысын аяқтады

Ғылыми тәжірибелерді қалай жүргізген дұрыс? Дронды басқарудың тәсілі қандай? Роботты құрастыру үшін не керек? Алматылық балалар демалыс лагерінде осындай тың бағытты меңгеруге тырысты.

Оқушылар сарайының «Өрнек» лагері биыл мыңға жуық баланы қабылдаған.

Айта кетейік, мекеме мұқтаж отбасынан шыққан балалар мен жасөспірімдерге басымдық береді. Осы аптада лагерь жазғы маусымды аяқтайды.

Балалардың қызығушылығы әртүрлі. Бірі информатика сабағына қатысқанды жақсы көреді. Енді біріне сағаттап химиялық тәжірибе жасаған ұнайды. Тағы бірі робот құрастырудан жалықпайды. Яғни мұнда әркім өзі жақсы көретін үйірмеге қатысып, қарым-қабілетін дамыта алады. Оқушылар сарайының ғылыми-техникалық бөлімінің меңгерушісі Валерий Никифоровтың айтуынша, басты мақсат – дарынды балаға жағдай жасап, талантын ашу.

Валерий Никифоров, оқушылар сарайының ғылыми-техникалық бөлімінің жетекшісі:

- Біз баланың неге бейім екенін анықтап, кәсіптік бағдар беруге тырысамыз. Мәселен, бала домбыра үйренемін деп келуі мүмкін. Содан кейін футбол ойнап көреді. IT, химия мен физика бағытында да өзін сынап көреді. Бұдан басқа да үйірмелер бар. Біз балалардың қызығушылығын байқап көреміз. Қайсысына икемді. Соған қарай жол сілтейміз.

Жаз кезінде лагерьде барлығы 8 ауысым өтті. Ал осы апта соңғысы. Балалар жас шамасына қарай топқа бөлінген. Әр ауысымда 100-ден аса бала демалды. Олармен 7 тәлімгер жұмыс істеді. Әр баланың көңілін табу оңай емес. «Бас кезінде жатырқағанымен, үйлеріне қайтар кезде бізбен қимай қоштасады», – деді бас тәлімгер Гүлжан Рахманбекова.

Гүлжан Рахманбекова, тәлімгер:

- Балаларға біздің лагеріміз ұнайды. Үйіне қайтқысы келмейді. Бұл жерде біз балаларды шығармашылық өнерге шыңдаймыз. Лагерьдегі әр ауысым ғылыми жаңалықтармен, көркем шығармашылық жарыстармен, сонымен қатар конкурстар, мастер-кластарға, қызықты саяхаттарға толы. Біздің лагерімізде балалар 5 уақыт дәмді тамақпен және медициналық көмекпен қамтамасыз етілген.

Руслан Лян бұл лагерьге алғаш рет келді. «Аз уақыттың ішінде өзгеге қамқор болуды үйрендім. Ең бастысы, жаңа достар таптым», – дейді. Қазір құрбы-құрдастарымен бірге соңғы байқауға дайындалып жатыр.

Руслан Лян, оқушы:

- Мен билеуді үйрендім. Бұрын тіптен билеген емеспін. Оған қоса көшбасшылық қабілетім бар екенін байқадым. Топпен жұмыс істеуді үйрендім. Демалысым мұндай болады деп ойламаған едім. Жақсы тынығып қайтып барамын.

Лагерь қызметкерлері балалар арасындағы қарым-қатынасқа да көп көңіл бөлді. Олар үшін қоғамдық ұйым өкілдері арнайы түсіндірме тренингтер өткізіп, негізгі этникалық ережерді түсіндіріп отырды. Бұл қоғамдағы сыйластықты, адамгершілікті қалыптастырады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейсенов.