Шығыста «Бірлік» халықаралық демалыс лагері жұмысын бастады

Шығыста «Бірлік» халықаралық демалыс лагері жұмысын бастады

Еліміздің шығысындағы «Бірлік» демалыс лагері кезекті қонақтарын қарсы алды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен ашылған демалыс орнында он жыл қатарынан еліміздің және жақын шетелден келген белсенді жастар демалып келеді. Биылғы басқосудың негізгі тақырыбы – бірлік және ұлтаралық достастық. Бұқтырма суқоймасының бойында бас қосқан өскелең ұрпақ өкілдеріне арнап тренингтер мен салиқалы сұхбат ұйымдастырылған.

«Бірлік» демалыс лагерінде сан алуан ұлт пен ұлыс өкілдері бас қосқан. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жастардың мүддесі бір – туған жерге сүйіспеншілік пен халыққа адал қызмет ету. Бұқтырма суқоймасының жағалауына жиналғандардың бірі қоғамдық бірлестік көшбасшысы болса, бірі ерікті ретінде елге танылған әр өңірдің белсендісі. Көктемгі су тасқынының залалын жоюға атсалысқандар да аз емес. 

Еламан Елемес, "Қоғамдық келісім" РММ қызметкері:

- Облыстардағы «Достық» үйінде көзге түскен жастарды жинап, олардың арасында достық қарым-қатынасты орнату, байланысты дамыту. Жобамыздың мақсаты - үш күн жастар демалып қана қоймай, олардың әлеуетін арттыру. Оларға жаңа білім беру. Барша жастарды жинап, еліміздегі қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты насихаттау. 

Аркадий Побединский Жезқазғандағы қазақ драма театрының актері әрі музыканты. Жайдары жан өзге өңірлерден жиналған замандастарымен достасып та үлгерген. Домбыра шертетін өнерпаз үшін кез келген адаммен тіл табысу қиын емес дейді.

Аркадий Побединский, "Бірлік" лагерінің қонағы, Жезқазған қ.:

- Менің ойымша, қазақ тілін меңгеру және оны дамыту әрбір қазақстандықтың парызы. Өйткені сол мемлекеттік тіліміз бәрімізді бірігіп, бір жұдырықтай ұстауға көмектеседі. Өзім қазақ тілді мектеп кезінен зерттеп, соны үйреніп жүрмін. Өйткені қазақ тілі маған бала кезімнен ұнайды. Және жолдастарым да, қоршаған ортам да соны талап етіп, өзіме жақын болғандықтан соны дәріптеуге де өзім атсалысып жүрмін.

Демалыс лагерінде еліміздің барлық өңірінен 60-тан астам адам жиналған. Сонымен қатар Қытай мен Монғолия, Өзбекстанның да жастары шақырту алды. Ташкенттен келген жас ғалым Ғабит Зұлпыхаров басқосуға арқау болған тақырыптардың бүгінгі әлемде ең маңызды мәселеге айналғанын жасырмады. 

Ғабит Зұлпыхаров, "Бірлік" лагерінің қонағы, Ташкент қ.:

- ХХІ ғасырға келетін болса, мемлекеттік бірлігі, бұл тек қана халықтың ортасында ғана емес, мемлекеттердің ортасында да өзара бірлік, экономикалық даму, қарым-қатынастар мен әлеуметтік жағдайлардың жақсаруы қазіргі өзекті мәселе болып тұр.

«Бірлік» жобасы жастардың басын қосып қана қоймай, еліміздің тамылжыған табиғатын паш етуді де мақсат тұтқан. Мәселен былтыр Алматы төңірегінде өтсе, биыл қатысушыларға еліміздің шығыс өңіріндегі кереметтермен танысудың сәті түсті. Жастарға тұмса табиғат аясында шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, танымал тұлғалармен кездесулер өтеді.

Мансұр Есқожин, Анель Есенбердина, Жигер Бабаканов