Биыл әскерден келген 1000-нан астам азамат грантқа түсті
Қазақстанда өткен жылдан бері әскери борышын өтеген 2500-ге жуық азамат грантқа түскен, деп хабарлайды 24kz.
Соның мыңнан астамы алдағы қыркүйек айында студент атанады. Басым бөлігі техникалық және гуманитарлық бағыттағы мамандықтарды таңдаған. Оларға тағы қандай жеңілдіктер қарастырылған?
Мерей Қанапия, тілші:
- Елде жыл сайын Отан алдындағы борышын өтеген азаматтарға 3000 грант бөлінеді. Тегін оқу мүмкіндігін Қорғаныс министрлігі мен жоғары оқу орындары беріп отыр. Арнайы сертификат мерзімі – 2 жыл. Яғни үйіне енді оралғандар оқуға келесі жылы да тапсыра алады. Ал әскери институттарды таңдағандар сертификатты алған бойда пайдалану керек. Келесі жылы күші жойылады. Қазірдің өзінде 200-ден астам азамат әскери жоғары оқу орындарына түсіп, курсанттық өмірге дайындалып жатыр.
Шәкәрім Асхатұлы, курсант:
- Әскери борышымды «Үшарал» гарнизонындағы әскери бөлімде өтедім. Қорғаныс министрінің білім гранты бойынша өзім қалаған әскери институтқа түстім. Өзім бала кезден офицер болуды армандадым. Сол арманыма бір қадам болса да жақындадым. Білімді маман, білікті офицер болатыныма сенімдімін.
Асланбек Әбдірахман, курсант:
- Мерзімді қызметімді өтеу кезінде әскери жоғары оқу орындарына емтихансыз түсуге болатынын білдім. 1 жылдық жауынгерлік өмірден тек әскери тәжірибе емес, жоғары білім грантын ұтып алғаныма қуаныштымын. Болашақ офицер ретінде өзімді қазірден қолға алып, психологиялық тұрғыда дайындап жатырмын.
Жоба игілігін алғаш көргендердің бірі – Әділет Дайраш. Қазір Астанада «Жылу энергетикасы» мамандығы бойынша 2-курста оқиды. Ол әскерге кетпес бұрын жоғары оқу орындарына бірнеше рет түсуге талпынған, бірақ сәті түспепті. «Кейін әскерде жүріп, ойламаған жерден грант ұтып алдым», - дейді.
Әділет Дайраш, студент:
- Былтыр көктемде әскерден келдім. Маған грант берілді деп ойлаған жоқпын. Тексеріп қарасам, маған грант берілген екен. Менімен бірге 33 сарбаз келсе, соның 10-ға жуығы грант алды. Оқуды да алдым, әскери билетімді де алдым. Барлығына үлгердім деп ойлаймын.
Бүгінде Қорғаныс министрлігі еліміздің 82 жоғары оқу орнымен ортақ келісімге келді. Өткен жылғы көрсеткіш бойынша, әсіресе солтүстік өңірлердегі университеттер үлкен сұранысқа ие болған.
Рүстем Төлегенов, ҚР Қорғаныс министрлігі әскери білім және ғылым департаменті басқармасының офицері:
- Былтырғы мәліметтерге сүйенсек, 1000-ға жуық жауынгер әскерден кейінгі мүмкіндігін пайдаланып, оқуға түсіп, жалғастыруда. Оқу орындар тарапынан жақсы көрсеткіштерге ие. 38 оқу орны жетекшілері атынан келген хаттамалардың арқасында біліп отырмыз ол мәліметтерді. Олар алғыр дейді. Уақытылы сабақтарға қатысады. Жетекшілік қабілеттері жоғары.
Айта кетейік, студенттер 100% тегін оқиды. Бірақ жатақхана берілмейді, шәкіртақы төленбейді. Десе де, бұл мәселе келесі жылы толық өз шешімін таппақ.
Рүстем Төлегенов, ҚР Қорғаныс министрлігі әскери білім және ғылым департаменті басқармасының офицері:
- 6 мамырда Президентіміз кейбір заңнамалық актілерге қол қойды. Өзгерістер енгізілді. Енді 2025 жылдан бастап бұл мемлекеттік грант болады. Бұл дегеніміз 1-курс студенттеріне жатақхана, шәкіртақы және 100% тегін оқу болады.
Сондай-ақ олардың запастағы офицер шенін алу мүмкіндігі бар. Яғни 2-курстан бастап өз қалауы бойынша әскери кафедраға автоматты түрде түседі.
Авторлары: Мерей Қанапия, Мадияр Қындыбаев