Е. Қошанов: АЭС ғылым мен технологияны дамыту үшін қажет
Атом электр стансысының құрылысы алдағы 100 жылда еліміздегі электр қуаты тапшылығы мәселесін шешеді.
Әрі жаңа жұмыс орындары ашылады. «Жастар Рухы» республикалық жастар саяси лагерінің жұмысына қатысушылар осылай дейді. Жиынға Мәжіліс төрағасы да қатысты. Ерлан Қошанов: «АЭС төңірегінде жүріп жатқан пікірталасқа жастар белсенді қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын батыл білдіруі керек», – деді.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Президентіміз айтқандай, АЭС салу мәселесінде негізгі шешімді халық қабылдайды. Бұл – Мемлекет басшысының басты ұстанымы. Атом энергетикасы не үшін қажет? Біздің болашағымыз үшін қажет. АЭС ғылым мен технологияны дамыту үшін қажет. Түптеп келгенде ел тәуелсіздігін нығайту, экономикасын орнықты дамыту үшін қажет. Президент бұл мәселені халыққа шығармас бұрын оның әбден зерттелгенін, барлық жағынан, әсіресе қауіпсіздік, экология жағынан терең сараланғанын жан-жақты сүзгіден өткенін, ғылыми негізі дәлелденгенін естен шығармауымыз қажет.