Қазақстанда жасанды интеллект білім беру саласына енгізілмек
Біздің елде де заманауи технологияны білім беру саласына енгізу жоспарланған, деп хабарлайды 24KZ.
Мұғалім балаға білім бергенде жасанды интеллектіні пайдалана білуі керек. Бұл маманға жаңа мүмкіндіктер береді. Дегенмен сарапшылар өркениет жетістігін қолдану үшін арнайы сауат пен дағды керек екенін айтады.
Динара Сағадатова – ұлағатты ұстаз. Білім ошағын басқарады. Бұған дейін химия пәнінен сабақ берген. Сол кезде оқушылардың үй тапсырмасын ChatGPT арқылы орындап жүргенін көрген ол жаңа технологиямен танысу керегін түсінеді. Өйткені замануи құралдар адам өмірін жеңілдетіп қана қоймай, жаңа дағдыларды қажет етеді. Сондықтан балаларға чат-боттарды қалай дұрыс пайдалану керек екенін үйрете бастаған. Қазір өзі басқаратын мектептің оқу процесіне дендеп енгізіп жатыр.
Динара Сағадатова, мектеп директоры:
- Бізге ұнаған Eduaide деген программа бар. Ол жерде, мысалы, саған инклюзия бойынша стратегиялар керек болса, сабақ жоспарды, стратегияларын енгізуге көмектеседі. Кейбір кезде, мысалы, оқушылар дислексия болса, ол саған текстерді, оның ішіндегі тақырыптарды жеңілдетеді. Ол балаларға түсінікті болуы үшін.
«Тың технологияларды белсенді пайдаланып жүрген ол мұғалімдерге де жасанды интеллектімен жұмыс істеуді меңгеру керек», – дейді. Себебі заманауи көмекші маман жұмысын жеңілдетеді. Мәселен, түрлі чат-боттар сабақ жоспарларын жасап, мектептің құжат айналымын, тіпті қаржылық есеп жүргізуге қауқарлы. Қазір жауапты министрлік жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізуге ниетті.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Жасанды интеллектіні сабақта мұғалімнің орнына емес, мұғалімнің көмекшісі ретінде, ең бастысы, әрбір баланың даму траекториясын анықтауда осы жасанды интеллектінің көмек бере алатынын көріп отырмыз. Ары қарай ғалымдар бар, тиісті мамандар бар, бұны ой елегінен өткізе отырып, ең бастысы, баланың білімінің біркелкі сапалы болуына, әсер етуіне біз міндетті түрде мән береміз.
Қазір сала мамандары тың технологияларды оқу үрдісінде кеңінен пайдалану жайын талқылап жатыр. Мәселен, басқа тілдегі академиялық материалдарды бағдарлама арқылы тікелей қазақ тіліне аударып, оқу базасын кеңейту мүмкіндігі бар.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Ербол Дайыров.