Қызылордадағы жекеменшік мектеп қаржыны тиімді үлестіріп отыр

Қызылорда қаласындағы мына жеке мектепте 1300-ден аса оқушы бар.

Материалдық-техникалық базасы толық жабдықталған білім ұясына ата-аналар бір тиын төлемейді. Оқу ошағы мемлекеттік тапсырыс бойынша берілетін қаржыны тиімді үлестіріп отыр. «Мектептерді жан басына қаржыландыру әдісі – бәсекелестік пен сапаны арттыруға жол ашты», - дейді жеке мектеп басшысы.  

Бақытжан Иманбердиева, жекеменшік мектептің директоры:

- Білім гранттарын ұтып алып, түрлі олимпиадалық жарыстарда нәтиже көрсетіп жатса, әрине ол мектептің нәтижесі болып тұрса, ата-ана оларды таңдайды деп ойлаймын. Барлығы осы мектептің ішіндегі мұғалімдердің сапалығына байланысты.

Қызылордадағы номері үшінші IT мектеп-лицейі екі ауысымда мың жарым оқушыны қабылдауға қауқарлы. Дегенмен жаңа оқу жылы қарсаңында бұл білім ұясына екі мыңға жуық оқушы қабылданды.

 Аманғали Есімов, №3 IT мектеп-лицей директорының орынбасары:

- Бізде ондай процесс жоқ, өйткені біздің мектебіміз IT, жаратылыстану-математика бағытында оқитын болғандықтан,  оқушылардың басқа мектепке кету процесі баяу, жоқтың қасы. Өзіміз толық оқушымен қамтылып отырмыз. Бірақ өмірдің заңдылығы ғой, жеке мектептер. Бірақ ол жеке мектептердің әртүрлі бағытына байланысты мемлекеттік мектептердегі оқушылардың санына әсер етіп жатқаны рас.

Елімізде 7 900 мектеп болса, соның 700-і жекеменшік. Ондағы оқушылардың жартысына жуығы мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін білім алады. Инвесторлар есебінен ашылатын оқу ордаларының қатары биыл тағы көбейеді.

Әйгерім Ашықбаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім комитетінің баспасөз хатшысы:

-Мысалы, 7 жыл ішінде жекеменшік мектептің саны 120-дан 700-ге жетті. Ал оқушылардың саны сәйкесінше 40 мың оқушыдан 256 мыңға жетті.

Мұрат Бақтиярұлы, жекеменшік мектептің құрылтайшысы:

- Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда бір класта 35-37 балаға дейін оқиды. Сондықтан да мемлекеттік мектептерден жекеменшік мектептерге кетіп жатқан балалар бар. Жекеменшік мектептерде әрі кеткенде 18-20 бала бір класта отырады. Өте ыңғайлы, бөліп оқытуға да ыңғайлы, тиімді. Балалармен жұмыс жасауға да мүмкіндік бар.

Мамандардың айтуынша, жекеменшік мектептерді мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржыландыру бірқатар өңірдегі үш ауысыммен оқыту мәселесін шешуге септігін тигізген. Сонымен қатар мектептер арасындағы бәсекелестік артып, материалдық-техникалық базамен қатар білікті педагогтарға да сұраныс көбейгені байқалған.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин