Елімізде пән саны қысқарады
Оқулық көп, оқу сапасы қандай? Мектепте орын жетпей жатқанда сабақты көбейткеніміз қалай? Алдағы бірер жылда шамадан тыс оқытатын пәндер санын азайтамыз. Бұл мәселе педагогтердің тамыз саммитінде көтерілді, деп хабарлайды 24kz.
Мәселен, елдегі мектептерде оқытылатын пәндер саны Қытай, Жапония сынды елдердегі бағдарламадан 2,5 есе артық екен. Сөйтіп, оқу бағдарламасына қашан өзгеріс енеді?
Нұрқанат Қанапиядан білейік.
Мектептің оқу бағдарламасындағы кейбір пәндер келешекте болмайды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мұғалімдер бас қосқан тамыз саммитінде айтты. Вице-премьердің айтуынша, мектепте оқытылатын пәндер саны көбейіп кетті.
Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Соңғы жылдары біз пәндер санын көбейтіп жібердік. Жаңа пәндер қаржылық сауаттылық, бизнес жүргізу, дінтану, тағы да басқа бағыттарды қамтып отыр. Ал әлемдік деңгейде керісінше, пәндерді кіріктіріп оқыту, вариативный дейміз ғой, оқушылардың мүмкіндіктерін дамытатын негізгі пәндерді оқыту бірінші кезекте қарастырылмапты.
Қазір химия, биология, география сынды пәндер 578 сағат оқытылады. Ал Жапония, Оңтүстік Корея сынды дамыған елдерде бірнеше пән біріктіріліп, 324 сағат берілген. Алайда халықаралық PISA зерттеуі ол елдердегі оқушылардың білім деңгейі жоғары екенін көрсетті.
Алтынбек Нұхұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Жаңағы айтып отырған мемлекеттерде көп жағдайда пәндер интеграцияланған. Яғни, қысқартылған сандары біріктірілген. 4-тен 6 пәнге дейін болатын болса, бізде Қазақстанда тіпті жоғарғы мынау 8-9-сыныптарда 15-16 пәнге дейін оқытылады. Яғни, 2,5 есе көп. Бұл деген жаңағы мектеп оқушысына өте күш түсіретіндігі сөзсіз ғой.
Сегіз жыл бұрын отандық білім беру жүйесі жаңа бағдарламаға көшті. Сол уақытта бірнеше пән біріктірілді.
Сейфолла Смайылов, орта білім мазмұны институтының директоры:
- Мысалы 5-9-сыныптар бұрын былай өздеріңіз оқыған кезде еңбек деген пәні болды, еңбекке баулу деген. Және бейнелеу өнері деген пән болды. Содан кейін сызу деген жеке пәндер болды. Мына жаңартылған мазмұндағы бағдарламада 2016 жылдан бастап бұл пәндер кіріктірілген көркем еңбек пәні болып оқытылып келе жатыр. Өзін өзі тану ол 2022 жылы алынып тасталды. Сол пәннің ішінде айтылған мазмұны, барлығы басқа пәндердің мазмұнына кіріктіріліп отыр.
Маманның айтуынша, бұл – үлкен жұмыстың басы. Алдағы екі жылда оқытылатын пәндер тізімі сарапшылардың қатысуымен анықталады. Яғни, 2026 жылы оқу бағдарламасындағы бірнеше пән болмауы мүмкін.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Абдулхамит Бөлекбаев