Енді баланы басқа мектепке онлайн ауыстыруға болады

Қазақстанда баланың мектебін ауыстыру тәртібі жеңілдеді, деп хабарлайды 24kz.

Ата-аналар енді білім ошақтарын аралап сабылмай, бұл шаруаны eGov.kz. порталы арқылы бітіре алады. Жаңа электронды қызметті пайдаланып үлгерген ел тұрғындары уақыт ұттырмайтын жүйенің тиімділігіне жоғары баға беріп отыр.

3 бала тәрбиелеп отырған Ғалия Әлішова кенже қызын жаңа электронды қызмет арқылы үйіне жақын мектепке тез арада орналастырып алған. Осыдан он шақты жыл бұрын елордаға Өзбекстаннан көшіп келген тұрғын «бұған дейін білім беру нысандарын аралап, құжат жинау, толтыру, өткізуге бірнеше күн жоғалтатын едік», дейді.

Ғалия Әлішова, Астана қаласының тұрғыны:

- Біз баламызды басқа мектепке ауыстыруды жолдасым екеуміз көптен бері ойлап жүргенбіз. Жақында бір кісілерден eGov.kz. порталы арқылы бір мектептен екінші мектепке онлайн ауыстыруға болатыны жөнінде естідік. Иә, расында да солай екен. Біз сияқты жұмыста жүрген ата-аналар үшін өте тиімді екен.

Жаңа мектепке ауыстыру бойынша тұрғылықты мекенжай анықтамасы қажет етілмейді. Сондықтан тек қана облыс және аудан орталығымен қатар ауылда тұратын ата-аналар үшін де кез-келген білім ошағын таңдау мүмкіндігі бар.

Айгерім Кәкен, «Ұлттық ақпараттық технология» АҚ сарапшысы:

- Осы порталда қызмет алу үшін ата-анаға компьютер қажет және электронды цифрлы қолтаңба қажет. Осы арқылы ол керек қызметті таңдап, біздің жағдайда ол мектеп ауыстыру қызметін таңдайды. Балалардың ақпараттары автоматты түрде тартылады. Сол жерде балаларына Қазақстан Республикасындағы кез келген керек мектебін таңдап, өтінімдеріне қол қояды. Ол мектеп базасына барып, мектеп баланы қабылдайды. 

Мектептер өтінімді бір күн ішінде саралайды. Ата-ана мен баланың заңды өкіліне жауап смс-хабарлама ретінде келеді. Егер ол білім ошағында оқушылар легі толық болса, бала қабылданбайды.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ғалымжан Қабдылахат