Шымкентте талапкерлерге қосымша 285 грант бөлінді

Шымкенттік талапкерлер үшін тағы 285 грант бөлінді. Білімді жастардың кәсіби деңгейін көтеру үшін қалалық әкімдік тарапы осындай шешім қабылдады, деп хабарлайды 24KZ

Сонымен қатар конкурстық іріктеудің жеңімпаздарына шәкіртақы да тағайындалады. Қазір жетекші жоғары оқу орындарымен келісім шарт жасалып жатыр.

Алтынбек Мақұлбек – студенттердің құқығын қорғап, сапалы білім алуын қадағалап жүрген омбудсмен. Айтуынша, аймақ жастарын қолдауға бағытталған грант мәселесі көптен бері көтеріліп келген. Шешім шықты. Енді оны үлестіру жағы ашық әрі шынайы жүргізілу керек деп есептейді.

Алтынбек Мақұлбек, студенттік омбудсмен:

- Жастар кеңесінде бұл мәселе бір рет емес, бірнеше рет талқыланған. Көтерілген. Өте қуанышты жағдай. Бірақ қазіргі таңда бізге қай мамандыққа, қай университетке және оған тапсыру жүйесі әлі толыққанды айтылмады. Оның барлығы шынайы, әділ түрде өтеді. Біздің бақылауымызда.

Қазір қажетті мамандықтардың тізімі әзірленіп, жоғары оқу орындарынан білім беру бағдарламалары ұсынылып жатыр. Гранттар маман тапшылығы жоғары инженерлік-техникалық, ІТ-техологиялық, энергетика және педагогикалық салаларға беріледі.

Қайрат Нұрманбетов, М. Әуезов атындағы университет ректорының міндетін атқарушы:

- Сол тізбеге сәйкес біз өзіміздің білім беру бағдарламаларын ұсындық. Сол білім беру бағдарламалары қолдау тауып, «Жасанды интеллект технологиясы», «Көлік және көлік техникасы», «Қала құрылысы», «Құрылыс материалдарын өндіру технологиясы» сияқты 8 білім беру бағдарламасына гранттар бөліп отыр.

Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, конкурстық іріктеуді өткізу келесі аптаға жоспарланған. Гранттарды үлестіру кезінде әлеуметтік осал топтан шыққан түлектерге, білімділерге үстемдік беріледі. Кейін Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинаса да, грантқа ілікпегендер мен мүгедектігі бар жастар мүмкіндік алады. Олардың өтініші арнайы құрылған комиссия қарауына ұсынылады.

Әйгерім Жұмағұлова, қалалық ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқарма басшысының м.а.:

- Биылғы абитуриенттерге ЖОО түсуге үміткерлерге арнап 285 гранттық орын бөлуге шешім қабылданды. Бізде қалада 8 ЖОО болатын болса, соның барлығы қамтылады. Біз бірінше кезекте біздің қалаға керек деген мамандықтарды таңдадық.

Әзірге білім гранттарына бюджеттен қанша қаражат бөлінетіні белгісіз. Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасында оқу ақысы мен шәкіртақыға кететін шығын есептеліп жатыр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы.