Корея елімізбен білім саласындағы инновациялармен бөліседі
Қазақстан білім беру саласындағы жаһандық инновациялар альянсына мүше болды.
Осыған орай Сеулдегі саммитте салтанатты іс-шара өтті. Оған еліміздің ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысып кореялық әріптесімен екі ел арасындағы ынтымақтастық жайын талқылады.
Жаһандық білім және инновациялар саммитіне қатысушылар жасанды интеллекттің әсерін талқылады. Бұл тақырып кездейсоқ таңдалған жоқ. Себебі келер жылы Оңтүстік Корея мектептерінің бастауыш және орта сыныптары жаңа IT технологияларды пайдалана бастайды. Білімдегі ноу-хаулар саммитке келген қонақтарға көрсетілді.
Владислав Цой, тілші:
- Келесі жылдан бастап Оңтүстік Кореяда ағылшын тілі, математика және информатика сабақтарында жасанды интеллектке ие цифрлық оқулықтар қолданылатын болады. Бұл пәндерді оқуға арналған кабинеттерде электронды тақта тұрады және үстелмен қатар әр оқушыға жеке планшет немесе ноутбук беріледі.
Сон Сон Джин, Корея Республикасы білім министрлігі цифрлық трансформация департаментінің директоры:
- Пәнді барынша тиімді оқуға мүмкіндік беретін барлық функциялар пайдаланылады. Мысалы, математикада жасанды интеллект оқушының қабілет деңгейін анықтауға көмектеседі. Ағылшын тілін үйрену кезінде жасанды интеллект дыбыстарды танып оқушының ағылшын тілін білу деңгейіне сәйкес сабақты таңдайды және оқушымен дыбыстардың айтылуы бойынша жұмыс істейді.
Саммитте Қазақстан Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және Сауд Арабиясымен бірге білім саласындағы инновациялар жөніндегі жаһандық альянсқа мүше болды. Оған қатысушылар бір-бірімен жаңа технологиялармен бөліседі. Конференцияда министр Саясат Нұрбек әріптестеріне қазақстандық жоғары оқу орындарындағы инновациялар туралы айтып берді. Оның айтуынша, Қазақстан өз университеттерінде Stanford Coursera онлайн білім беру жобасын жүзеге асырған әлемдегі бірінші мемлекет. Бұл жобаның 4 мың үздік курсы қазақ тіліне аударылған.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Біз осы болашаққа дайын болуымыз керек. Айтып кеткенімдей, Гугл компаниясымен бірігіп, Хуавэй компаниясымен бірігіп біз арнайы жасанды интеллект курстарын жасап отырмыз. Оларды пилоттық жоба біткеннен кейін бүкіл жоғары білім ұйымдарына міндетті түрде енгізетін боламыз.
Екі елдің білім министрлері студенттер және оқытушылар алмасу туралы келісімге қол қойды. Сондай-ақ, осы құжат аясында қазақстандық жоғары оқу орындарында корей тілін оқыту орталықтары ашылмақ.
Владислав Цой, Ольга Лян