Биыл елімізде 350 мың бала бірінші сыныпқа барады

Биыл 350 мыңнан аса бала бірінші сыныпқа барады, деп хабарлайды 24kz.

Олардың 70%-і қазақ тілінде білім алуға ниетті. Балғындардың дені мектепалды даярлық курсынан өткен. Бұл туралы Оқу ағарту министрлігі мәлімдеді. Атап айтқанда, елдегі 3 мың білім мекемесінде балақайлар мектебі құрылып, 115 мың бала даярланды. Оларға 5 мыңнан аса мұғалім сабақ берген.

Бексұлтан Басықара, Астана қалалық №93 мектеп-лицейінің директоры:

- Биылдан бастап Білім басқармасының ұсынысымен Балақайлар мектебі маусым айынан бастап 3 кезеңге бөлініп жүргізіліп келе жатыр. Қазіргі таңда біздің мектепке 350 бала өтініш білдірген, бірінші сыныпқа. Балақайлар мектебінің, соның үшінші кезеңі 180-нен аса бала қабылданып отыр. Қазіргі таңда біздегі бірінші сыныптағы балалардың саны 18 сыныпқа жетеді деп біз болжап отырмыз.

Мектеп табалдырығын алғаш аттайтын оқушылардың басым бөлігі Түркістан облысында. Өңірде биыл 44 мың бала бірінші сыныпқа барады. Алматы облысында 34, Астанада 26 мың бүлдіршін оқушы атанады. Қалған өңірлерде де қолына қалам алған  балалақайлардың қарасы қалың. Жалпы 7 859 мектепте 4 миллионға жуық қазақстандық бала білім алады.