Мектеп оқулықтарының мазмұнына қатысты талап күшейді

Мектеп оқулықтарын жазатын авторлардың арасында бәсеке жоғары, деп хабарлайды 24kz.

Бұл сапаның жақсаруына әкеліп отыр. Оқулықтар шығаруда 25 жылдық тәжірибесі бар баспа маманы осылай дейді. 2015-2016 жылдары еліміз жаңартылған білім беру мазмұнына көшті.

«Әуелгі кезде кітап жазу барысында авторлардың жаңа бағдарламаның әдіснамалық негізінен жеткілікті деңгейде тәжірибесі болмағандықтан оқулықтар мазмұнында олқылықтар болғаны рас», - дейді баспагерлер. Алайда қазір талап күшейді. Авторлар құрамы мықты ғалымдар мен тәжірибелі әдіскерлерден және мұғалімдерден тұруы шарт. Сондай-ақ  оқулық міндетті түрде бірінші қазақ тілінде жазылады, содан кейін ғана өзге тілдерге аударылады. Әрқайсысының электронды нұсқасы әзірленеді. Электронды оқулықтарды интернетсіз де қолдануға болады.

Әсима Рысқұлбекова, баспаның вице-президенті:

- Авторлар өзінің біршама тәжірибесін ұсынды, жаңартылған білім беру мазмұнының ерекшеліктерін түсініп, артықшылықтарын осы оқулықтың мазмұнына жоғары деңгейде беруге тырысып жатыр. Авторлар қазір үлкен ізденісте. Қазір бәсекелестік өте жоғары. Себебі, оқулықты арнайы мемлекеттік сараптамаға ұсынбас бұрын біз баспаішілік сараптама жүргіземіз. Әрбір оқулық бойынша. Үш деңгейлі сараптамадан өтеді.