Алматы энергетика және байланыс университетінің жаңа кампусы салынады

Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің болашақ кампусының орнына капсула салынды, деп хабарлайды 24KZ.

Жаңа кампус Қаскелең қаласында бой көтереді. Жоба бойынша 15 гектар аумақта ауданы 60 мың шаршы метр болатын 2 оқу ғимараты, сондай-ақ 6 мың орынға арналған жатақхана салынбақ. Жаңа қалашықта университеттің бірнеше факультеті, креативті индустрия мектебі орналасады. Жобаның инвестициялық құны – 100 миллион АҚШ доллары. «Жаңа кампустың ашылуы жаңартылатын энергетика, атом энергетикасы, климаттық технологиялар, жасанды интеллект, робототехника, кино, анимация және ойындар сияқты жаңа бағыттарда маман дайындауға мүмкіндікті береді», – деді университет басшылығы. Салтанатты шара барысында бірқатар әріптестік келісімдерге қой қойылды.

Ғани Нығыметов, Energo University ректоры:

- Президенттің тапсырмасы бар. Алматы мегаполисі үлкен, студенттер саны көп, студенттер санын азайту үшін Қонаев, Қаскелең қаласын дамыту, университеттік қалашық ретінде дамыту жоспарлары бар. Екі университет Қаскелеңді керемет жастар қаласына айналдырады деп сенемін. Өйткені Қаскелең Алматы қаласынан қашық емес, келу де оңай.